2026 жылғы 1 қазаннан бастап Алматыда ауыз су мен кәріз қызметтерінің тарифі көтеріледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Алматы Су» коммуналдық кәсіпорнының өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Tarazy.kz
Жаңа тариф бойынша тұрғындар үшін ҚҚС-пен бірге суық судың 1 текше метрі 178,06 теңге, ал сарқынды суларды бұру қызметінің 1 текше метрі 119,46 теңге болады. Заңды тұлғалар үшін суық судың тарифі 362,18 теңге, кәріз қызметі 264,75 теңге болып белгіленді. Ал бюджеттік ұйымдар суық судың 1 текше метрі үшін 649,6 теңге, су бұру қызметі үшін 189,14 теңге төлейді.
Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, тарифтердің қайта қаралуына бірнеше фактор әсер еткен. Атап айтқанда, пайдалану шығындарының өсуі, инфрақұрылым көлемінің ұлғаюы, қызметкерлердің еңбекақысын арттыру қажеттілігі және инвестициялық міндеттемелер себеп болған.
«Алматы Су» мамандарының мәліметінше, тарифтердің жаңартылуы сумен жабдықтау және кәріз жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге, сондай-ақ инженерлік желілерді жаңғыртуға бағытталған.

