Алматыда техникалық және кәсіптік мамандықтарды насихаттауға бағытталған Zhas Skills – 2025 өңірлік чемпионаты өтті. Іс-шара Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылды. Байқау қаланың Алатау және Наурызбай аудандарында бір мезгілде өткізілді.
22 сәуір күні Наурызбай және Алатау аудандарындағы Оқушылардың инновациялық шығармашылығы орталықтарында кәсіби бағдар беру кездесулері өтті. Шараға Алматының әртүрлі аудандарынан келген 30-дан астам мектептің оқушылары қатысты.
Байқау аясында оқушыларға түрлі кәсіптер таныстырылып, болашақ мамандықты дұрыс таңдауға көмектесетін кеңестер берілді. Атап айтқанда, Жол активтері сапасының ұлттық орталығының (ЖАСҰО) Алматы қалалық филиалының инженерлері жол саласындағы кәсіптердің маңыздылығын түсіндірді.

Орталық өкілдері түлектерді жолшы мамандығына баулып, жол сапасын бақылау саласындағы жұмыстың мазмұны мен болашағы туралы айтып берді. Маманның айтуынша, техникалық бағыттағы кәсіптер бүгінде еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие.