Понедельник, 28 сентября

Әлеуметтік желілерде 1 қазан – Қарттар күніне орай зейнеткерлерге қосымша ақша төленетіні туралы ақпарат тарауда. Алайда мұндай төлем бүкіл Қазақстан бойынша бірдей қарастырылмаған, деп хабарлайды Tarazy.kz

Мамандардың түсіндіруінше, Қарттар күніне арналған төлемдер республикалық деңгейде емес, жергілікті әлеуметтік көмек ретінде жүзеге асырылады. Яғни төлем мөлшері мен оны алу шарттарын әр өңірдің мәслихаттары бекітеді, ал қаражат жергілікті бюджеттен бөлінеді.

Астанада қанша төленеді?

Астана қаласында қолданыстағы ережелерге сәйкес Қарттар күніне орай зейнеткерлерге 2,5 АЕК көлемінде біржолғы төлем беріледі. 2026 жылы 1 АЕК мөлшері 4325 теңге болғандықтан, төлем көлемі 10 812,5 теңгені құрайды. Бұл тек биылғы жылға арналған шара емес, мұндай көмек бұған дейін де төленіп келген.

Басқа өңірлерде жағдай қандай?

Өңірлердегі талаптар әртүрлі. Мысалы, Шымкентте 70 жастан асқан тұрғындарға Қарттар күніне орай 3 АЕК немесе 12 975 теңге көлемінде төлем қарастырылған. Павлодар облысында төлем мөлшері зейнетақы көлемі мен жас ерекшелігіне байланысты белгіленеді. Ал Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Түркістан облыстары мен Ұлытау облысында да өз талаптары мен әлеуметтік критерийлері қолданылады.

Төлемнің берілетінін қалай білуге болады?

Ол үшін тұрғылықты жердегі әкімдік немесе әлеуметтік қорғау органдарының ресми хабарламаларын қадағалау қажет. Кей өңірлерде төлемдер автоматты түрде аударылса, кейбір жағдайда қосымша талаптар қарастырылуы мүмкін.

Exit mobile version