Сәтбаев университетінде инженерлік әзірлемелерді цифрлық модельден бастап дайын өнеркәсіптік өнімге дейін жеткізуге мүмкіндік беретін Mechanical Prototyping & Pilot Production орталығы ашылды, деп хабарлайды Tarazy.kz
Жаңа орталық «Idea to Product» – «идеядан өнімге дейін» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Мұнда жобалау, дайындау, прототип жасау және сынақтан өткізу кезеңдері бір өндірістік алаңға біріктірілген.

Жоба әсіресе студенттер мен жас ғалымдардың практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған. Олар заманауи өндірістік жабдықтармен жұмыс істеп, нақты инженерлік міндеттерді шешуге қатысады.
Орталықтың өндірістік инфрақұрылымында металды лазермен кесу, ию, соғу, дәнекерлеу және құрастыруға арналған жабдықтар бар. Сонымен қатар зертханалық, ресурстық және климаттық сынақтар, созылу жүктемесіне төзімділікті тексеру және сапаны бақылау жүргізіледі.
«Ғылымды, білімді, бизнесті және өндірісті бір жерде тоғыстыруға тырыстық. Осы арқылы жас ғалымдарға станоктың жанында тұрып, өз идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік бергіміз келеді», – деді LocoSystems KZ басшысы, Сәтбаев университетінің түлегі Мақсат Қанатбаев.
Осылайша, жаңа орталық тек оқу алаңы емес, ғылыми әзірлемелерді нақты өндіріске енгізуге мүмкіндік беретін инженерлік базаға айналмақ. Мұнда прототиптер мен тәжірибелік үлгілер жасалып, сынақтан өткізіледі, инженерлік тапсырыстар орындалып, өнімнің шағын серияларын шығаруға мүмкіндік бар.
Жоба инженерлерді даярлау, ғылыми әзірлемелерді дамыту және оларды өндіріске енгізу үдерістерін бір арнаға тоғыстыруға бағытталған.