Қазақстанның саяси сахнасында туыстық байланыс әлі де көрініс табады. Ескі Қазақстаннан бастау алған бұл феномен жаңа Қазақстанда да жалғасын тапқан. Dalanews.kz редакциясы билік пен мемлекеттік құрылымдарда қызмет етіп жүрген ағайынды тұлғалардың бірнеше мысалына шолу жасапты.
Ағайынды Саировтар

Ағайынды Ерлан және Серік Саировтар мемлекеттік салада кәсіби бедел қалыптастырып үлгерген.
Ерлан Бияхметұлы Саиров қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. Ол қоғамда өткір пікір білдіретін, саяси және әлеуметтік мәселелерге белсенді араласатын тұлға ретінде танылған. Саиров ұзақ жылдар бойы мемлекеттік басқару, ішкі саясат және идеологиялық бағыттарда қызмет атқарды. 2019 жылдан бастап Еуразиялық интеграция институтын басқарды, ал 2021 жылы Мәжіліс депутаты ретінде қызметіне кірісті.
Ал Серік Бияхметұлы Саиров 2024 жылы Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының (ҚазСШҒЗИ) бас директоры болып тағайындалды. Ол гидрология және табиғи ресурстарды басқару саласындағы жетекші сарапшылардың бірі. Бұған дейін «Қазгидромет» РМК бас директорының бірінші орынбасары болған.
Ағайынды Қожасбаевтар
Ағайынды Қожасбаевтар Қазақстандағы түрлі кәсіби бағытта қызмет етіп жүрген ықпалды әулеттердің бірі.
Мәселен, Руслан Садуақасұлы Қожасбаев қазіргі таңда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты. Бұған дейін Алматы облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасын басқарған, кейін «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының төрағасы болды.
Оның бауыры Арман Садуақасұлы Қожасбаев Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті жүйесінде қызмет етеді.
Ал Ерлан Садуақасұлы Қожасбаев кәсіпкер, қазіргі уақытта Алматы тау кластерін дамыту жобасын жүзеге асырып жатыр. Бұл бастама Қазақстанның даму банкі арқылы қаржыландырылып, өңірдің туризм және инфрақұрылым саласына жаңа серпін беруді көздейді.
Ағайынды Тоғжановтар
Тоғжановтар ел басқару жүйесінде ұзақ жылдық тәжірибесі бар ағайынды тұлғалар.
Бүгінде Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің кеңесшісі қызметін атқарады. Бұған дейін ол Маңғыстау және Ақтөбе облыстарын басқарған, сондай-ақ Үкіметтің вице-премьері болған. Әлеуметтік саясат, дін, этносаралық қатынастар және өңірлік даму бағыттарында мол тәжірибе жинақтаған.
Ал Марат Лұқпанұлы Тоғжанов Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданының әкімі болып қызмет етеді. Бұған дейін Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.
Ағайынды Қуантыровтар

Қос ағайындының есімі Қазақстанның мемлекеттік басқару саласында үлкен беделге ие.
Әлібек Сәкенұлы Қуантыров бүгінде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің вице-министрі қызметін атқарады. Ол 2005 жылдан бері экономика, бюджет және стратегиялық жоспарлау саласында еңбек етіп келеді. Әр жылдары экономика және бюджет жоспарлау министрлігінде, сондай-ақ Президент әкімшілігінде жетекші лауазымдарда болған. 2021–2024 жылдары ұлттық экономика министрі ретінде елдің макроэкономикалық саясатын басқарды. Кейін энергетикалық салаға ауысып, «KAZENERGY» қауымдастығын басқарды. 2024 жылдың шілдесінде сыртқы саясат саласына келіп, дипломатиялық бағыттағы реформаларға атсалысып жүр.
Ермек Сәкенұлы Қуантыров — «Қазатомпром» ұлттық компаниясының құқықтық қамтамасыз ету және корпоративтік басқару жөніндегі бас директоры. Бұған дейін экономика және әділет министрліктерінде, Президент әкімшілігінде түрлі жауапты қызметтер атқарған. 2023 жылдан бері атом саласындағы ұлттық компанияда құқықтық саясат пен корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру бағытында жұмыс істейді.
Ағайынды Нәлібаевтар

Ағайынды Нұрлыбек және Әзімбек Нәлібаевтар түрлі деңгейде әкімдік құрылымдарында еңбек етіп, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып келеді.
Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев қазіргі таңда Қызылорда облысының әкімі қызметін атқрады. Оның еңбек жолы 1990 жылдардың аяғында жеке кәсіптен басталған. Кейін мемлекеттік қызметке ауысып, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, Шиелі ауданының әкімі, Қызылорда қаласының әкімі секілді лауазымдарды атқарды. 2021 жылы Премьер-Министр Кеңсесінде өңірлік даму бөлімін басқарды. 2022 жылдан бері Қызылорда облысының әкімі ретінде жұмыс істеп келеді.
Әзімбек Пазылбекұлы — Түркістан қаласының әкімі. 33 жастағы жас басшы мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын Қызылорда қаласының ішкі саясат бөлімінен бастаған. Кейін министрліктер мен ұлттық компанияларда тұрғын үй-коммуналдық және инвестициялық бағыттарда қызмет еткен. 2017 жылдан бастап түрлі басқару құрылымдарында жетекшілік қызметтер атқарып, 2023 жылы Түркістан қаласының әкімі болып тағайындалды.
Әпкелі-інілі Тау әулеті
Нұргүл Тау — Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. Еңбек жолын 2000 жылы Алматыда кадр бөлімінің инспекторы ретінде бастаған. Кейін білім басқармасында рухани-адамгершілік тәрбие мен өзін-өзі тану бағытында жетекшілік етті. 2022–2023 жылдары Алматы қаласы білім басқармасының тәрбиелеу және мектепке дейінгі білім бөлімін басқарған. Депутат ретінде ел игілі мен ұлт болашағы үшін маңызды заң жобаларды қабылдауға ат салысқан, белсенді тұлға.
Ал інісі Нұрымбек Тау Алматы қаласы мәслихатының депутаты. Ол 2008 жылы «Daco Motors KZ» компаниясын құрған. Бүгінде компания халықаралық шиналар бренді Yokohama, Triangle, Achilles және Nankang өнімдерінің ресми дистрибьюторы болып саналады.
Ағайынды Халықовтар
Ағайынды Халықовтар Қазақстанның әскери құрылымында ұзақ жыл қызмет етті.
Марқұм Дамир Қасымбекұлы генерал-майор шеніндегі тәжірибелі әскери басшы еді. Ол қызмет жолын Ауғанстандағы Орта Азия әскери округінің құрамында бастап, кейін Германия мен Солтүстік Кавказдағы бөлімдерінде еңбек етті. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін елдің Қарулы күштерін қалыптастыру кезеңінде жетекшілік міндеттер атқарды. 1999–2002 жылдары Қорғаныс министрінің орынбасары болды, кейін Оңтүстік әскери округтің қолбасшысы қызметін атқарды. Кейінгі жылдары Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментін басқарды. Алайда шенеунік былтыр 4 ақпанда көз жұмды.
Ал генерал-лейтенант Әмір Қасымбекұлы Халықов қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінің Бас әскери инспекциясын басқарады. Әскери мансабын Германияда бастап, кейін отандық әскерлің түрлі құрылымында жетекшілік етті. Ол танк батальоны мен мотострелок дивизиясын басқарды, сондай-ақ аймақтық қолбасшылықта маңызды стратегиялық шешімдер қабылдаған. 2009–2013 жылдары Батыс өңірлік қолбасшылығын, ал 2015–2017 жылдары Бас штаб бастығының бірінші орынбасары қызметін атқарды.
Ағайынды Атамқұловтар

Ағайынды Атамқұловтар елдің сыртқы саясат саласында және мемлекеттік басқару құрылымында жоғары лауазымды қызметтер атқарып келеді. Қос шенеуніктің мансап жолына үңілсек, кәсіби бағыттары бір-біріне ұқсас өрбігенін байқауға болады.
Бейбіт Бакиұлы Атамқұлов — мемлекет және қоғам қайраткері, дипломатия және экономикалық басқару саласында мол тәжірибесі бар тұлға. Ол еңбек жолын инженер ретінде бастап, кейін әкімдік және министрлік деңгейіне дейін өсті. Әр жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі, сыртқы істер министрі, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі қызметтерін атқарды. 2025 жылдың 6 қарашасына дейін Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі болып қызмет етті.
Ал оның бауыры Мәди Атамқұлов Қазақстан Республикасының Сербиядағы төтенше және өкілетті елшісі болып жұмыс істейді. Бұған дейін ол Мемлекеттік хаттамалық қызметтің және Президент протоколының басшысы қызметін атқарған.
Ағайынды Байеділовтер
Қанат Ескендірұлы Байеділов 2021 жылдан бері Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы қызметін атқарады. Еңбек жолын 1991 жылы қаржы және бақылау органдарында бастаған. Кейін Қаржы бақылау комитетінде бөлім басшысы және басқарма орынбасары болған. 1999–2008 жылдары Алматы қаласының Түрксіб және Медеу аудандарының салық комитеттерін басқарып, қалалық салық комитетінің төрағасы қызметін атқарды. 2017–2021 жылдары Қаржы вице-министрі болды.
Оның бауыры Талғат Байеділов қазіргі уақытта Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының әкімі болып жұмыс істейді. 2024 жылдың наурызына дейін Алматы облыстық мәслихатының төрағасы қызметін атқарған. Еңбек жолы 1999–2002 жылдары «Қазақстан Темір Жолы» РМК қаржы-экономикалық орталығында есепші және экономист қызметтерінен басталған. 2002–2005 жылдары «ICS» ЖШС инспекторы болды, 2006–2008 жылдары Іле аудандық пошта байланысы торабының бастығы қызметін атқарды. 2008–2018 жылдары Райымбек ауданында түрлі басшылық лауазымдарда еңбек етті. Сондай-ақ Алматы облысы Кеген ауданының әкімі қызметін атқарды.
Ал Қонысбек Ескендірұлы Байеділов Алматы облысы бойынша Экология департаментін басқарды. Оның табиғи ресурстарды басқару және қоршаған ортаны қорғау саласында ұзақ жылдық тәжірибесі бар.
Ағайынды Серікбайұлы

Қазақстандағы жас буын шенеуніктердің қатарын ағайынды Олжас және Тілектес Серікбайұлы толықтырады. Бір үйден шыққан екі бауырдың да кәсіби жолы ұқсас.
Олжас Сулейменов Атырау мұнай және газ университетінің жастар мен әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры қызметін атқарған. Ол «Болашақ» бағдарламасының түлегі және Қытайда 9 жыл оқыған. 2009 жылы Сиань қаласындағы Солтүстік-Батыс университетін «Қытай тілі мен мәдениеті» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2015 жылы Шанхайдағы Тонгжи университетін инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бітірген. Ол халықаралық тәжірибесін Drexler & Partner Construction Group, PMJ Asia Construction Group сияқты компанияларда жинақтаған. Кейін CentrAsia Group компаниясының өндіріс жөніндегі директоры қызметін атқарған. 2018 жылдан бастап ол Қазақстандағы білім және ғылым саласында жұмыс істей бастады. Сонымен қатар, Олжас Сүлейменов экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық мінберлердегі жеке аудармашысы қызметін атқарған. 2018 жылы дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың жастар саясаты мәселелері бойынша штаттан тыс кеңесшісі болды.
Ал оның ағасы Тілектес Серікбайұлы Адамбеков — Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. Ол да «Болашақ» бағдарламасының түлегі және шетелде білім алған. Әуелі Шанхайда, кейін Назарбаев Университетінде білімін жетілдірген. Парламентке дейін Тілектес Адамбеков «Astana Innovations» АҚ-да инвестициялар жөніндегі басқарушы директор, «Astana Invest» ЖШС бас директор орынбасары, қалалық инвестициялық даму орталығының төрағасының кеңесшісі сияқты жауапты лауазымдарда еңбек еткен.
Ал олардың әкесі Серікбай Адамбеков 35 жыл бойы ішкі істер органдарында қызмет еткен.
