Журналист Нұрбек Бекбау facebook-парақшасында кеңестік кезеңде салынған қалалар мен қазіргі атау өзгерту мәселесіне қатысты өз көзқарасын білдірді, деп хабарлайды Tarazy.kz
“Көше, село-ауыл атауын өзгертпек болсаң, жиі еститін аргументің осы: «- Сендерге қала салып бердік. Біздің аталарымыз соғып берген, өздеріңе бір тиын қатыстарың жоқ қалаларды қазақшаландырғыларың келеді. Құқықтарың жоқ!»
Совет Өкіметі қалаларды қазақ үшін соғып беріп пе? Коммунистік режим заманында 40-тан астам кент пайда болыпты. Дені өндірістік немесе әскери жабық қалашықтар. Ол қалаларда кімдер тұрды,-деп статистикасына үңілсең, «Мы Вам города строили» деген сөз артық екенін түсінесің. «Мы эти города себе сторили» деген дұрыс шығар?!”, — дейді ол.
Журналист кеңестік кезеңдегі көші-қон шектеулерін еске алып, қазақтардың қалаға тұрақтап қалуы оңай болмағанын айтады.
“Жә. Қазақтың сол қалаларға кіруі, тұрақтап қалуы — қиямет қайым еді ғой! Мынау Шымкенттің өзіне тек 2000-шы жылдары ғана кіре бастадық қой. Оның өзінде, қалада бір туысқанның үйі болса, соны пана тұтып, ағайындар 5-6 студент баласын, сол пәтерге жатқызып оқытатын. Олар аяққа тұрып, пәтер жалдайтын жағдайға жеткенде, олар келесі толқынды қабылдайтын. Осылай-осылай ғана қалалық болдық қой шын мәнінде”, — дейді журналист.
Журналист өз әкесінің естелігін мысалға келтіріп, кеңестік кезеңде қазақтардың қалаға тұрақтап қалуы өте қиын болғанын еске алды.
“Әкем Совет заманы жайлы: — Қазақтар Үкімет беретін пәтерге он жылдап кезекке тұрып, сарылып күтіп жүргенде, Пермь, Туладан келгендер дереу үйлі боп жататын,-деп талай айтқан.
Ал 90-ның тоқырау жылдары, қазақ ауылдан қалаға ағылғанда, тетя Галя, тетя Зиналардың пәтерін жалдаған еді.
— Мәә, тетя Зинаның бір басында екі-үш пәтері бар. Ақшасын Омск қаласына көшіп кеткен қызы мен баласына аударып тұрады,-деп ағаларымыз таңғалып жүруші еді. Жә, басқа тақырыпқа кетіп барамын”, — деді ол.
Журналистің айтуынша, кеңестік кезеңде салынған көп қала қазақ халқының пайдасы үшін емес, коммунистік жоспардың, әсіресе өндіріс пен шикізат базасын игерудің қажеттіліктері үшін тұрғызылған.
“Әлгі Рудный 1957 жылы пайда болды. Іргесіндегі алып руданы қазып, өңдеп жатқан комбинатқа өте көп көлемде жұмысшы керек болды. Сол үшін осы кентті салды! Қазақтың жерінен қазып алынған миллиондаған тонна кен, 40 жыл бойы Магнитогорск пен Челябинскіге тасылды. Советтер Одағы осы кеніштен пәленбай миллиард пайда көріп отырды. Олай болса, Рудныйды Мәскеу арнайы ақша әкеп салып берген жоқ. Қала сол қазақтың жерінен қазып алған руданың қаржысына тұрғызылды. Бітті.
Сосын «қаланы Советтер салды» деген не сөз? «Советский» деген ұлт жоқ. «Советские люди» дегеннің ішіне орысың, қазақ, немісің де кіріп кетеді. Бір қызықты айтайын: Рудный қаласын соғуға Шымкенттен келген «СМУ-1», «СМУ-2», «СМУ-3», «СМУ-4», «ССТМО ЮКО» деген құрылыс бригадалары да қатысқан. Демек, «мои деды строили Вам эти города»,-деген түбірімен қате”, — деп қосты ол.
Журналист кеңестік атаулардан арылу процесін кей адамдар қасақана орыс халқына қарсы шара ретінде көрсетіп жүргенін сынға алды.
«50 лет октября» деген секілді мағынасы тозып кеткен атауларды ауыстыруды — біздегі кейбір азаматтар «орысқа қарсы қадам» ретінде көрсетуге тырысып жатыр. Коммунистік атаулардан арылу ісі расымен орысқа қарсылық па? Жоға!”, — дейді ол.
Бекбау бұл пікірдің де бұрмаланғанын айтып, Ресейдің өзі тәуелсіздік алғаннан кейін бірқатар қалалар мен көшелердің атауын өзгерткенін мысалға келтірді.
“Ресей 1991 жылы-ақ жүзден астам қаланың, миллионнан астам көшенің атауынан Советтік сарқыншақты алып тастаған. Мысалға:
Сталинград – Волгоградқа ауыстырылды.
Ленинград — Санкт-Петербург деген тарихи атауын қайтарып алды.
Куйбышев қайтадан Самара болды,
Свердловск — Екатеринбург атын қайтарып алды.
Яғни Ресейдің өзінде «советтік» атаулардан бас тарту – тарихи әділеттілікті қалпына келтіру,-деп түсіндірілді. Ал, Қазақстандағы дәл осындай процесс — неге «орысқа қарсы» акция боп шыға келуі керек?!”, — дейді ол.
Бекбаудың пікірінше, атауларды өзгерту – тәуелсіз Қазақстанның тарихи санасын қалыптастырумен байланысты процесс.
“Атау ауыстыру – біреуге өшіккеннен істеліп жатқан әрекет емес, бұл ұлттық тарих пен мемлекеттілікті қайта жазу процесі. Яғни әр адам жасап жатқан қаласы, тұрып жатқан көшесінің атауынан өзінің тәуелсіз Қазақстанда ғұмыр кешіп жатқанын ұғынуы керек!
Олай болса — Советтік сарқыншақтан құтылуға кім қарсы шығады? Кім бұл науқанды «орысқа қарсылық» деп атайды? Сол мемлекеттің жауы! Сол ұлтараздықты қоздырушы. Ондайлар бас-көз демей жауапқа тартылуы керек. Әңгіменің тоқ етері осы!”, — деп түйіндеді ол.
Еске салайық, 21 қараша күні Рудный қаласында көше атауларын өзгертуге арналған тарихи қоғамдық тыңдау өтті. Тыңдалымда қаладағы Иван Франко көшесін — Әлия Молдағұлова, ал 50 лет Октября көшесін — Достық деп өзгерту мәселесі қаралды. Жиын кезінде Рудный қаласындағы көшелер атауын өзгертуге 14 депутаттың 12-сі дауыс берді.
Рудный қаласының белсендісі әрі жергілікті автомектептің директоры Екатерина Корчагина тыңдау кезіндегі сөзімен қызу талқыға түсті. Ол өз сөзінде Кеңес мемлекетінің «ұлы рөлі» туралы баяндама жасап, осылайша көше атауларының қазақшалануына қарсылығын білдірді. Одан кейін ол өз-өзін ұстай алмағандай көрініп, бірден «біз бұл қаланы сіздерге сыйладық» деген сияқты өктем әңгімелерге көшті.
