Әлеуметтік желіде Павлодар облысында 10 жастағы екі бала 7 жасар оқушының тілін кеспек болған деген ақпарат тарады. Алайда полиция тексеріс жүргізіп, бұл ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Tarazy.kz
Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметінше, оқиға туралы хабар түскен соң зардап шекті делінген бала ауруханаға жатқызылған. Дәрігерлер оның жағдайын қанағаттанарлық деп бағалады. Комитет төрағасы Насымжан Оспанова баланың анасына хабарласып, қажетті көмек көрсетуді тапсырды.
Ал полицияның ресми ақпаратына сәйкес, ешқандай зорлық-зомбылық фактісі болмаған. Тергеу барысында көршілерді сұрау, бейнебақылау жазбаларын талдау және оқиға орнын қарау нәтижесінде бала өзі тілін металл әткеншектің бөлігіне жабыстырып алғаны анықталды. Қорыққан соң ол болған жағдайды басқаша айтып шыққан.
Балаға анасының қатысуымен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Оның әрі қарайғы жағдайы мен ата-анасының әрекеті Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияда қаралатын болады.
Полиция тұрғындарды тек ресми ақпаратқа сенуге шақырды.
