Алматының негізгі көшелеріне орташа жөндеу жүргізем деп халықтың наразылығына тап болған қала әкімдігі жол төсеу жұмыстарын жалғастыруда. Қарсылыққа қарамастан Абай, әл-Фараби даңғылдарына жаңа асфальт жабыны төселді. Енді қаланың солтүстігіндегі елдімекендерге қатынайтын күре жолдың бірі – Сайын даңғылына (Мөңке биден солтүстік бағытқа) да жаңа асфальт қабаты төселді. Бір ерекшелігі – биыл жол жабыны жаңа технологиямен төселуде. Жолдың қызмет мерзімін ұзарту, тегістігін сақтау мақсатында полимерлі асфальтбетонға титан қосылған. Ал жолда қолданылатын материалдардың сапасын тексеру, технологиясын бақылау Жол активтерінің ұлттық сапа орталығына жүктелген.
2023 жылдың басынан Алматы қаласы бойынша «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» ШЖҚ РМК филиалының мамандарымен көше-жол желісі бойынша жолдарды салу, қайта құру, жөндеу және күтіп-ұстау кезінде жұмыстар мен материалдардың, сондай-ақ инженерлік коммуникациялардан кейін асфальтбетон жабындысын қалпына келтіруде қолданылатын материалдардың сапасына жіті назар аударуда.
Алматының Алатау ауданындағы Сайындаңғылына, Наурызбай ауданындағы көшелерге жаңа технологиямен төселіп жатқан асфальт жабындысының сапасы да тексеріліп жатыр. Ол үшін филиал мамандары жол қабатынан арнайы құрылғы арқылы керн сынамаларын алуда. Алынған сынамалар мекеменің зертханасына жіберіліп жатыр. Алматы филиланың инженері Досжан Сұрапбергеновтің айтуынша, тексеру жұмыстары жол жөндеуге тапсырыс берушімен арадағы келісімшарт аясында жүзеге асуда.
«Бұл сынамаларды алу арқылы жол қабатының тығыздығы, қалыңдығы, су өткізгіштігі арнайы құрылғыларда білікті мамандардың жіті бақылауында тексеріледі. Мұның бәрі барлық талапқа сай зертханада жүзеге асады. Сынамалардан алынған нәтижелер тапсырыс берушіге ұсынылады», — дейді Досжан Сұрапбергенов.
Бір айта кетерлігі, Алматы филиалының мамандары алынған керн сынамаларына бірегей QR код жабыстыруды қолға алған. Бұл – сынама нәтижесіне өзге үшінші тұлғалардың араласуына тосқауыл болмақ. Оған қоса, жол учаскесінен алынған сынама зертханаға дейін, нәтиже шыққанға дейін бақылауда болады. Қалалық мобильдік басқармасының дерегінше, Алматы әкімдігі 2023 жылы ұзындығы 200 шақырым болатын 230 көшенің жолдарын жөндеуге 20 миллиард теңге қарастырған. Бұл қаржы көлемі 2022 жылдың 4 тоқсанында аудан әкімдіктері мен қала тұрғындарының өтініші бойынша бекітіліпті. Ал 2022 жылы қала әкімдігі ұзындығы 189 шақырым жолға 17,5 миллиард теңге жұмсады.