Сонымен, сот үкімі шыққаннан кейін Қайрат Қырықбаев Тараз қаласы Жамбыл даңғылы №180 мекенжайда орналасқан ЖД-158/1 УКУИС облыстық түзеу мекемесінің 5-камерасына қамалды. Көршілес 6-камерада бауыры Ерғали отырды. Айта кетейік, осыған дейін «Ағайынды атышулы Қырықбаевтар» деген мақала жарияланған еді.
Ағайындылар түрмеде «авторитет» болғандықтан, оның үстіне сотталғандар мен түрме әкімшілігіне сөздері өткендіктен, абақты ішінде еркін жүріп-тұрумен қатар, темір тордың арғы жағында да аяқты кеңінен салып өмір сүрді. Сырттан қалта телефонын, спиртті ішімдіктер, тағы басқа қалаған затын алдыртып, түрмеде емес, дәп бір атасының үйінде жүргендей, кез-келген камераға кіріп-шығып еркін қозғалушы еді. Сол кезде ағайындылармен қатар сол түрмеде Марат Әбдуәлі деген жігіт те қамауда болатын. Қылмыс әлемінде «Маратенок» деген лақап аты бар оған инкассаторларды айуандықпен өлтіріп, ірі сомада ақша ұрлағаны үшін 25 жыл жаза кесілген-ді. Міне, ағайынды Қырықбаевтар мен «Маратенок», тағы басқа бірнеше қылмыстық авторитет түрме әкімшілігін басынып, ойларына келгенін істеген. Бұл жөнінде алаяқтығы үшін істі болған Айжан Жандарбекқызының түсініктемесі де бар. 1984 жылы туған Айжан – «Маратеноктың» түрмедегі көңілдесі.
Айжанның берген куәлігі кейіннен тек тергеу изоляторы әкімшілігіндегі былықтарды ғана ашып бермей, түрменің сұрқай өмірін өзгерткен қылмыскерлердің сайранын да әшкере етті. Оның айтуынша, сол кезде түрмедегі қылмыскерлер қожайын боп, түрме басшылығы тек олардың тыныштығын күзетуші қызметкерлердей күн кешкен.
Кез-келген түрмеде әйел сотталушыларға арналған шағын да болса арнайы бөлік болады. СИ-13 абақтысының тар дәлізімен әкетіп бара жатқанда Айжан мен Марат Әбдуәлінің көздері ұшырасып қалған көрінеді. Әрқайсысын өз камерасына апарғанша, екеуі танысып та үлгеріпті. Келесі күні «Маратенок» кеш бата Айжанның камерасына «қонақ» боп келіп, сол жерде екеуінің махаббаты басталған.
Олардың кездесуі жиілеп, бірде анда, бірде мында, кейде бос камераларда, тіпті, ақысы жақсы төленсе, түрме қызметкерлерінің кабинетінде де кездесіп жүріпті. Ақы демекші, құлқынның құлы болған түрме қызметкерлері екі ғашықтың кездесуіне өздерінше қолақы да тағайындап қойған көрінеді. Мәселен, екі сағат кездескені үшін – 5000 теңге, үш сағатқа – 10 000 теңге, түні бойы бірге болғаны үшін 100 доллардан алып отырған. Қу ақша не істетпейді, бірде тергеу изоляторының жоғары шенді бір офицері өз көңілдесімен, «Маратенок» пен Айжан төртеуі Тараздың төріндегі «Найзатас» деген кафеге де барған. Міне, түрмеде отырған сотталушылар мен олардың жаза өтегенін қадағалайтын құқық қорғау қызметкерлерінің тірлігі!
Айжанның айтуы бойынша, бірде оның камерасына Марат Әбдуәлі ағайынды Қырықбаевтарды әкелген. Қылмыскерлер Айжанды түрме қызметіндегі бір офицермен төсектес болуға, сосын оның үстінен «зорлады» деп арыз беруге үгіттеген. Арызды тұп-тура комитет бастығы мен ҰҚК департаментіне жазасың деп тапсырма береді. Алайда, Айжан әлгі қызметкерге сыртынан арандату әрекеті ұйымдастырылып жатқанын айтып қояды. Мұны білген қылмыскерлер оны жазалаймыз деп қорқытып, кейіннен басқа қызметкердің үстінен арыз жазуға мәжбүрлейді. Комиссия құрылып, зерттей келе, Айжанның өтірігі ашылып, қылмыскерлердің түрмеден қашқалы жүргенін айтып қояды.
Осы жерде біз оқиғадан сәл ілгерілеп, түрмеден қашуы сәтсіз аяқталып, кейіннен қолға түскен Ерғали Қырықбаев пен тергеушінің арасында болған әңгімеден үзінді келтірейік.
– Сіз қашуға қашан дайындалдыңыз?
– Мен өзім жасамаған қылмыстық іс бойынша нақақтан-нақақ сотталғаныма қатты ыза болдым. Сондықтан 2007 жылдың маусымынан бастап түрмеден қашуға дайындала бастадым.
– Нақтырыақ айтыңызшы, сіз қалай дайындалдыңыз және УЖД 158/1 түрме мекемесінің қандай қызметкерлерімен қашу жоспарын ақылдастыңыз?
– Түрме қызметкерлерінің арасында мерзім өтеу басқармасының бастығы Мұрат Әбиірбековпен сөйлесіп тұрдым. Алғашында бұл тақырыпты қалжың ретінде қозғайтынбыз, кейін келе әңгімеміз шынға айналды. Сосын мен өз жоспарымды жүзеге асыруға ықпал ету үшін нақты бағаңды айт дегенімде, ол 300 мың АҚШ долларын сұрады. Мен бұл соманың тым көп ақша екенін айтып, саудаластым. Кейінірек біз Әбиірбеков екеуміз 200 мың долларға келістік те, мен өзіммен бірге нақақ сотталған інім Қайрат пен Марат Әбдуәліні де ала кететінімді айттым.
– Әбиірбеков сіздің талабыңызбен келісті ме?
– 200 мың доллар аз ақша емес, ол келісімін берді.
– Әбиірбековке ол ақшаны қалай бергеніңіз жөнінде айтып беріңізші?
– Ол сұраған 200 мыңның жүз елуін менің айтуым бойынша бір жігіттер әкеліп берді, қалған 50 мыңын қашып шыққаннан кейін беретін болып келіскенбіз. Мен түрмеде өзіммен болған «Нокиа» маркалы телефонмен бостандықта жүрген жігіттеріме телефон шалдым, бірақ ол ақшаны Әбиірбековке жеткізіп берген жігіттердің кім екенін айтпаймын.
– Түрме мекемесінде сіз жаза мерзімін өтеп отырған сотталушысыз, сізге телефон қолдануға тыйым салынған. Айтыңызшы, сізге телефон әкеліп беріп жүрген кім? Маркасы, нөмірі қандай?
– Менде «Нокиа» маркалы телефон болды, оны сырттан Әбиірбековтің тапсырмасымен әкеліп берді. Мен ол телефон үшін ақша да төлегенмін, Кселл байланысындағы нөмірі бар болатын. Телефон үшін қанша ақша бергенімді де, нөмірін де ұмытып қалдым. Ол телефонды 2007 жылдың жазынан бері қолданып жүрдім.
– Қазір ол телефон қайда?
– Түрмеден қашып шыққаннан кейін өртеп жібергенмін, қай жерде өртегенім есімде жоқ.
– Сіз тергеу барысында түрмеден қашу жөнінде Әбиірбековпен келіскеніңізді айттыңыз. Онымен қалай келістіңіз және ол сізге қашатын жолды көрсетті ме?
– Біз Әбиірбековпен келіскен кезде ол қай жерлермен жүріп, қандай жолдар арқылы кетуіміз керектігін көрсетті. Әйтпесе, біз қалай қашып шығуды қайдан білеміз? Әбиірбеков камерадан шыққан соң бой жазып, сейіл құратын алаңға өтуім керектігін ескерткен. Сол жерден жаңа корпусқа қарай өтіп, темір есікті ашып, үшінші қабаттағы қызметкерлердің кабинетіне кіруім керек болды. Сосын кабинеттің терезесіндегі темір торды бұзып, шатырға шығатынымды, шатырдан арқан арқылы түрме сыртына түсетінімді түсіндірген…
Қылмыскерлер түрмеден қашуға ұзақ уақыт және мұқият дайындалады. Осы оқиға бойынша жүргізілген қылмыстық істе қылмыскерлер түрме қызметкерлерінің қайсысын өз дегендеріне көндіріп, кімді қалай пайдаланғандары нақты келтірілген. Тіпті, Марат Әбдуәлінің әкесі Молдақасым Сейітқұловтың түрме бастығы жөнінде келтірген деректері кісішошырлық. Мұрат Әбиірбеков келісімді ақша үшін өз қызметтік өкілеттігін оңды-солды пайдаланған екен. 100, 200, 500 доллар үшін түрме басшысы сотталушылардың камерасына телевизор, электропеш, DVD ойнатқыш, телефон, темекі, т.б. заттарды алып кіруге рұқсат еткен. Сотталушы Мараттың әкесіне егер 10 мың доллар төлесе, қылмыскер ұлдарын жексенбі сайын үйіне жібере алатынын да айтқан. Кейінірек, Айжан Жандарбекқызының берген куәлігі бойынша, Марат Тараздағы Сахзауыт ауданында тұратын ата-анасының үйіне бірнеше сағатқа барып та келген.
Қашуды жоспарлаған үш қылмыскер темір тордың арғы жағында үнемі мұндай еркіндік бола бермейтінін жақсы түсінген сияқты. Одан бөлек, ұзақ мерзімге сотталған олар, егер түрмеден ертерек шығып үлгермесе, бостандықтағы қылмыстық топтарын басқа біреулер басқарып кетіп, кейін барлық бизнестерінен айырылып қаламыз деп уайымдаған. Сол үшін де олар түрмеден қашуға мықтап бел буып, тиянақты дайындалады.
Сөйтіп, ағайынды Қырықбаевтар мен Марат Әбдуәлі 2007 жылы желтоқсан айының 28-нен 29-ыны қараған түні түрмеден қашу операциясын бастап кетеді.
Қылмыскерлер тергеуге белгісіз жағдайда түрменің орталық алаңшасына апаратын №5 постқа шығар есік пен түрме қызметкерлері отыратын жұмыс кабинетінің кілттерінің көшірмесін қолға түсіреді. Сосын, бұрынырақ Шу аудандық сотының үкімімен 2 жарым жылға сотталып, сол кезде сотталушыларға тамақ таситын Е.Есмұрадов дегенді осы іске жәрдемдесуге үгіттеп көндіреді.
Есмұрадов түрме ішінде барлық жағдайды баяндап отыру үшін оған Қайрат Қырықбаев қалта телефонын беріп, үнемі байланыста отырады. Өз кезегінде Есмұрадов әлгі кілттердің есік құлыптарына сәйкес келетініне көз жеткізіп, түнгі мезгілді пайдаланып, түрме қызметкерлері отыратын кабинетке еніп, терезесіндегі бірер темір торын ырғап сындырып, қашуға жеңіл етіп қояды.
Ағайынды Қырықбаевтар мен «Маратенок» ақылдаса келе, өздерінің нендей ауыр және тәуекелді іске барғалы отырғанын ескеріп, бірнеше түрме қарауылын улап өлтіруді ойластырады. Түрмеде отырған Қайрат Қырықбаев телефон шалып, бостандықта жүрген бауыры Н.Қырықбаев деген інісіне хабарласып, өзіне адамды улайтын немесе тез ұйықтатып тастайтын күшті дәрі тауып әкелуді тапсырады. Ағайындарының аса қауіпті іске бел буғанын шын түсінген Н.Қырықбаев Тараз қалалық ауруханасының жедел жәрдем бөлімінде жұмыс істейтін Ж.Молдақұлов дейтін дәрігер-травматологтан «Фенозепам» және «Тизерцин» деген дәрілерді алып, оны Байтөреева, Байдосова, Сейітқұлова, Қонысбаева деген таныстары арқылы ЖД-158/1 түрме мекемесінің қызметкері С.Нұрпейісовке береді. Ол өз кезегінде әлгі дәрілерді Ерғали Қырықбаевқа апарып берген.
2007 жылдың 28 желтоқсаны күні түнгі кезекшілікке түрме бастығының кезекші көмекшісі К.Маханбетжанов пен 15 бақылаушы қарауыл жұмысқа шығады. Түнгі 22:00 шамасында Қайрат Қырықбаев ағасы Ерғалидан алған дәрілер мен есірткі ұнтағын тамаққа қосып, оны қарауыл жігіттерге сыбаға ретінде жөнелтеді. Алайда, ол берген тамақты тек Қойсоймасов деген қарауыл ғана жеп, қатты уланып, өзі күзетіп тұрған постта құлап қалады. Оны ауыр жағдайда жатқан жерінен тауып алған өзге қарауылдар дереу жедел жәрдем шақыртып, ауруханаға алып кетеді.
Ел абыр-сабыр боп жатқан әбігер шақты пайдаланып, ағайынды Қырықбаевтар мен Марат Әбдуәлі өздерінде бар қосалқы кілттерімен камера есіктерін ашып, үшінші қабаттағы түрме қызметкерлеріне арналған бөлмеге беттейді. Әрине, ол бөлмеге жеткенше олар жолай түрменің бір жақ бөлігінің жарығын өшіріп, қарауылдарды әуреге салу секілді дәп бір кинодағыдай бірталай әрекет жасайды.
Қылмыскерлер қараңғы түрме дәлізімен баспалап үшінші қабатқа бара жатқанда сол күні түрме басшысының кезекші көмекшісі қызметін атқарып жүрген Маханбетжанов та өзіне бағынышты қарауылдарды мүлдем басқа тапсырма беріп, түрменің басқа бөлігіне жұмсаумен қашқындардан көмегін аяп қалмайды.
Қырықбаевтар мен «Маратенок» діттеген жеріне жетіп, түрме ғимаратының шатырына шыққан соң, қолдан жасалған арқанмен төмен түспек болады. Жасанды арқанмен саумалап түсіп бара жатқан Марат Әбдуәлі түрме торына аяғы ілініп қалып, үш қабатты үйдің төбесінен жерге құлайды. Ол сол жерде омыртқасынан ауыр жараланып, тұра алмай қалады. Оның артынша түскен Қырықбаевтардың үлкені Ерғали да аяғын сындырып алғанымен, інісінің сүйемелдеуімен түрме маңынан тез бой тасалап үлгереді. Сол күні олардың сырттағы достары сол маңда дайын көлікпен күтіп тұрған деген де ақпарат бар…
Ағайынды Қырықбаевтар түрмеден қашқан бетте өздерінің туған ауылы Бесжылдыққа барып жасырынады. Ата-анасы тұратын үйге емес, сол ауылда тұратын алыс жамағайыны Оразалы Ашқараев дегеннің үйіне барып паналаған. Қырықбаевтың немере ағайыны сол түні Ерғалиды сынықшыға апарып, аяғын емдетіп үлгереді. Кейінірек неге полиция бөлімшесіне хабарласпағанын Ашқараев өзіне және отбасына қауіп-қатер төнбесін деп және ауылдастарының сөзінен қашқандықтан, ешкімге тіс жармадым деп түсіндірген.
Бірнеше күннен кейін Ерғали мен Қайратты іздеп ағайынды Қырықбаевтардың басқа да бауырлары Шәке, Инаят, Нұрмахан, Ильяс келеді. Ағайындылар ақылдаса келіп, үлкені Ерғали сол күні өз еркімен құқық қорғау органдарына беріліп, түрме басшылығы мен қызметкерлері жөнінде, өздерінің қалай қашып шыққаны жайлы түгел айтып береді. Оның келтірген дәлелдері бойынша түрме қызметкерлерінің үстінен іс қозғалып, бұлтартпайтын барлық айғақпен істі сотқа жібереді.
Сот ісіне көмек көрсеткені үшін Ерғали біршама жеңілдіктермен 18 жылға сотталып, ал оның бауыры Қайрат бір түнде Қырғызстан арқылы шетелге қашып кетеді. Елдің айтуынша, оған қырғыз жеріндегі қылмыстық топтың серкелері көмектескен.
Құқық қорғау органдарынан қашып Қайрат төрт жылдай Араб Әмірлігінде бой тасалайды. Арада біраз уақыт өткен соң, ел құлағы тынышталды-ау дегенде қайта оралып, Алматыға кеп тұрақтаған. Сол жерде оны түнгі клубтардың бірінде полицияның жедел тобы тұтқындап, қолына кісен тағады. Жеті айға созылған сот ісінен кейін Қайратқа 18 жыл қатаң жазамен қоса, түрмеден қашқаны бар, бас-аяғы 26 жылға үкім кескен.
Ал Марат Әбдуәлі не болды дейсіз ғой? «Маратенок» түрме ғимаратының шатырынан құлаған кезде омыртқасы сыныпты. Ол тұра алмай жатқан кезде үстіне Ерғали секіріп түсіп, онсыз да жағдайы мүшкіл Маратты одан әрі өлімші еткен. Оны жатқан жерінен түрме қызметкерлері тауып алған. Аяғы сынған, омыртқасынан ауыр жараланған, ішкі құрлысы да қатты зақымданған күйде ауруханаға жеткізіліп, 10 сағаттай азап шегіп жатып, ақыры көз жұмыпты.
«Маратенок» деген лақап аты бар Марат Әбдуәлі Тараз қаласында әжептәуір аты шыққан бұзақы болған. Одан көшедегі тентектердің бәрі қорқады екен. Ол 2006 жылы «Валют-Транзит» банктің инкассаторларына шабуыл жасап, бірнеше кісіні өлтіріп, банктің қомақты қаржысын қолды еткен еді. Кейін ұсталғанымен, ақшаны қайда жасырғанын мойындамай қойған. Түрме бастығы Әбиірбековке пара ретінде берілген 200 мың доллар сол банктен қолды болған ақша болуы мүмкін. Егер солай болса, ағайынды Қырықбаевтар түрмеден қашу үшін көк тиын қаражат жұмсамай, кісі ақысын пайдаланған болып шығады. Ал инкассаторларға жасалған шабуыл жөнінде сөз қозғар болсақ, ол – үлкен әңгіме. Оны келесі материалдың жүгі ретінде алдағы уақытта сөз ететін боламыз…
Журналист Асқар Жалдиновтың «Вне протокола» кітабынан