Алматы көшелерінде жолдағы ереже бұзуды анықтайтын жасырын патрульдер пайда болды, деп хабарлайды Tarazy.kz.
Бұл — патрульдік полиция қызметкерлерінің азаматтық киімде, арнайы белгілері жоқ көліктермен жалпы көліктермен бірге қозғалып, қызмет атқаруын білдіреді.
Негізгі мақсат — жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу деректерін анықтау. Олардың қатарында күрт жолақ ауыстыру, «шахмат» тәсілімен жүру, басқа көліктерді қысып өту және жол апаты жағдайын туындату секілді қауіпті әрекеттер бар.
«Жасырын патрульдер ақпаратты нақты уақыт режимінде жақын маңдағы патрульдік полиция экипаждарына жолдайды. Кейін сол экипаждар көлікті тоқтатып, жүргізушіні заңнамада белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартады. Бұл тәжірибе өзінің тиімділігін көрсетті. Өткен демалыс күндерінің өзінде Алматы қаласында 28 дерек анықталды. Барлық құқықбұзушы жауапкершілікке тартылды», – деді ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаев.
