ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев қоғамда қызу талқыланып жатқан «жаңа Конституция қабылданған жағдайда вице-президент болады» деген қауесеттерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Tarazy.kz
Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, мұндай болжамдар қоғамдық пікірді басқа арнаға бұрып, маңызды мәселелерден алшақтатады.
«Мұндай сөздер қоғамдық дискурсты дұрыс емес бағытқа жетелейді және олардың ешқандай негізі жоқ. Егер қазақстандықтар референдумда жаңа Конституцияны қолдаса, барлық кадрлық шешімдер қатаң түрде заң аясында қабылданады», — деп мәлімдеді Сенат Төрағасы.
Спикер жоғары лауазымды қызметтерге тағайындау мәселесі Мемлекет басшысының құзыретінде екенін еске салды. Ол қазіргі уақытта нақты есімдерді атап, талқылауды «әдепсіздік» деп санайды.
Егер 1 шілдеден бастап Конституция қабылданып, Сенат жұмысының форматы өзгерсе, Мәулен Әшімбаев елге қызмет етуді жалғастыра беретінін жеткізді.
«Қай салада болса да, ел игілігі үшін еңбек етуге дайынмын», — деді ол.
Айта кетейік, әлеуметтік желілерде және саясаттанушылар арасында жаңа мемлекеттік құрылымдағы вице-президент лауазымына негізгі кандидаттар ретінде Мәулен Әшімбаевпен қатар, Ерлан Қарин және өзге де танымал саясаткерлердің есімдері аталып жүр.
