Алматы қаласында биыл ашылған №227 мектептің оқыту тіліне қатысты әлеуметтік желілерде тараған ақпарат тұрғындар арасында алаңдаушылық туғызды. Кейбір ата-аналар мектептің аралас форматқа ауысуы мүмкін екені туралы қауесетке байланысты пікір білдіріп, оның қазақ тілінде білім беретін білім ордасы болып қалуын талап етті, деп хабарлайды Tarazy.kz

Threads әлеуметтік желісінде Алтын City тұрғындарының бірі №227 мектептің аралас оқыту форматына көшуіне қарсылық білдіріп, жазба жариялаған.

«Біздің аудан бойынша өзі екі-ақ қазақ тілді мектепекр. Баламыз қазақ тілді мектепке оқиды деп Медеу ауданындағы №220 мектептен шығарып, осы мектепке орналастырдық. Мектебіміздің аралас болуына қарсымыз», – деп жазды тұрғын.

Аталған мәселеге байланысты Алматы қаласы Білім басқармасы ресми түсініктеме берді.

«№227 мектеп бастапқыда мемлекеттік тілде білім беретін мектеп ретінде ашылған. Мектептің оқыту тілі оның Жарғысы мен тиісті ресми құжаттарында нақты белгіленген. Қазіргі уақытта №227 мектепті аралас оқыту форматына ауыстыру мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Мектеп мемлекеттік тілде білім беруді жалғастырады. Ата-аналарды тек ресми ақпаратқа сүйенуге шақырамыз», – делінген басқарма жауабында.

Айта кетейік, соңғы уақытта Алматыдағы жаңа мектептердің оқыту тіліне қатысты мәселелер қоғамда қызу талқыланып келеді.

Былтыр қаладағы №224 мектеп төңірегінде де дау туындаған болатын. Тұрғындар мен ата-аналар бастапқыда қазақ тілінде білім беретін мектеп ретінде жоспарланған білім ордасының аралас мектеп болып ашылуы мүмкін екеніне алаңдаушылық білдіріп, бірнеше рет әкімдікке жиналды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, мектептің қазақ тілінде білім беруін сақтап қалуды сұраған.

Қоғамдық талқылаулар мен тұрғындардың талаптарынан кейін №224 мектеп қазақ тілінде білім беретін мектеп ретінде жұмысын бастады. Бұл туралы қоғам белсенділері әлеуметтік желілерде хабарлаған болатын.

Exit mobile version