Бүгін Ақтөбе қаласының Алматы ауданындағы жеке тұрғын үйлердің бірінен әйел адам мен оның үш кәмелетке толмаған баласының мәйіті табылды, деп хабарлайды Tarazy.kz
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қайғылы жағдай газ жабдықтарын дұрыс пайдаланбау салдарынан табиғи газдан улану нәтижесінде орын алуы мүмкін. Марқұм әйел 1993 жылы туған.
Өңір полициясының мәліметінше, 9 ақпанда шамамен сағат 12:00-де аталған үйден әйел мен балалардың денесі анықталған. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Түпкілікті қорытынды тиісті сараптамалардың нәтижелері бойынша жасалмақ.
Ақтөбе облысы әкімінің тапсырмасымен жағдайды жан-жақты зерделеу үшін арнайы комиссия құрылды. Комиссияны Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет басқарады. Арнайы топ уәкілетті органдармен бірлесіп тексеру жүргізіп, тергеу нәтижесіне сәйкес тиісті шаралар қабылдайды.
Сонымен қатар, Ақтөбе облысының әкімдігі марқұмдардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтты. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан жерлеу рәсімін ұйымдастыруға көмек көрсетіліп, сондай-ақ қажетті материалдық және әлеуметтік қолдау берілетіні хабарланды.
Полиция азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және тексерілмеген мәліметтерді таратудан бас тартуға шақырды.
