Астанада қаза болған ресейлік әскери Магомед Нурбагандовтың атына көше берілген, деп хабарлайды Tarazy.kz
Ашық дереккөздегі ақпарат бойынша,бұрын С-192 деп аталған көше 2025 жылғы 30 шілдеде Астана қаласы әкімдігінің қаулысымен Магомед Нурбагандов атындағы көше болып ауысқан.

Нурбагандов кім?
2016 жылғы 9 шілдеде Магомед Нурбагандов туыстарымен бірге Сергокала ауылы маңындағы орманда демалып жүрген. Таңертең олардың үйіне бес қарулы адам келіп, ұйықтап жатқан жерлерінен оятқан. Қысқа сөз таластан кейін Магомедтің немере ағасы Абдурашид Нурбагандов оққа ұшқан. Ол кәмелетке толмаған Арсен есімді інісін қорғап қалған, Арсен аман қалған.
Оқиға барысында Магомедтің полиция қызметкері екені белгілі болған соң, шабуылдаушылар оны және інісін көліктің жүксалғышына күштеп салып, демалыс аймағынан алыстатып барып атып өлтірген.
Өзін «Ислам мемлекеті» мүшелеріміз деп таныстырған қарулы топ болған жайттың бәрін ұялы телефонға түсіріп, кейін экстремистік сайттардың біріне жүктеген.
Кейін бұл топтың бірнеше мүшесі жойылып, екеуі ұсталған. Қаза тапқандардың бірінің жанынан оқиға түсірілген ұялы телефон табылған. Тергеу барысында видеодағы кейбір кадрлардың әдейі қиылып алынғаны анықталған.
Ресми деректерге сәйкес, өлім алдында Магомед Нурбагандовтан әріптестерін қызметтен кетуге шақыруды талап еткен. Алайда ол: «Жұмысты жалғастырыңдар, бауырлар!» (Работайте, братья!) деп жауап берген.
Плакат
Қоғам белсендісі Руслан Түсіпбеков Ақтөбеде орналасқан бутиктердің бірінде Нурбагандовтың сөзі мен портреті ілінген плакат тұрғанын байқаған.

Түсіпбековтің сөзінше, Магомед Нурбагандовтың ұранына айналған бұл тіркес кейін Ресейде империялық-насихаттық ұранға айналып, Украинаға қарсы соғыс аясында кеңінен қолданылып келеді.
Белсендінің пікірінше, бұл адамның да, оның айтқан сөзінің де Қазақстанға, соның ішінде Ақтөбеге ешқандай қатысы жоқ.
«Бұл ресейлік нарративтерді елімізде кім таратып жүр? Егер бұл шынымен де Ақтөбеде ілінген болса, жергілікті билік өкілдері оны орналастырғандармен сөйлесуі керек», – деп жазды Руслан Түсіпбеков.
Жазбаның соңында Түсіпбеков бірнеше жасанды интеллект жүйесі фотосуреттің дәл Ақтөбе қаласында түсірілгенін растағанын атап өтті.