Талдықорғанда «Атажұрт» қозғалысына қатысы бар 19 белсендіге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Tarazy.kz
Мәліметтерге сәйкес, сот барлық айыпталушыларды кінәлі деп танып, олардың бір бөлігіне 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Қалғандары шартты жаза алғаны айтылды.
Сот процесі жабық режимде өткен. Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы 19 айыпталушының барлығына нақты және шартты мерзімдер сұраған.
Іс Жетісу облысы Талдықорған қалалық сотында қаралған.
Белсенділерге қатысты қылмыстық іс 2025 жылдың қараша айында Алматы облысында өткен акциядан кейін қозғалған. Онда қатысушылар Қытай туын және Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің портретін өртеген.
Акция Қытайда ұсталған Қазақстан азаматы, этникалық қазақ Алимнұр Тұрғанбайды босатуды талап ету мақсатында ұйымдастырылғаны айтылған. Ол 2025 жылдың шілдесінен бері Қытайда қамауда отыр.
Құқық қорғау ұйымдарының мәліметінше, акцияға қатысушылар Қытайдың мұсылмандарға қатысты саясатына қарсылық білдірген.
Алғашында белсенділер «ұсақ бұзақылық» бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл немесе 15 тәулікке дейін қамауға алынған. Кейіннен олардың үстінен «алауыздық қоздыру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Сонымен қатар Қытайдың Алматыдағы бас консулдығы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне дипломатиялық нота жолдап, аталған оқиғаға қатысты алаңдаушылық білдіргені хабарланған.
