Биыл Жамбыл облысы Талас ауданында 77 жобаны жүзеге асыруға 5,6 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Сәрсенбі, 3 маусым күні облыс басшысы Бердібек Сапарбаев аталған ауданға жұмыс сапарымен барып, әлеуметтік маңызы бар жобалардың қалай жүзеге асырылып жатқандығын тексерді.
Аймақ басшысы алдымен орталықтандырылған су құбырының құрылысы аяқталуға таяу қалған Майтөбе ауылына барды. Мердігер ұйым «Пырақ-Құрылыс» ЖШС нысанды маусым айының соңында тапсырмақ. Нәтижесінде елді мекендегі барлық 328 аула таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі деп күтілуде.
Сондай-ақ, өңір басшысы ауылдық дәрігерлік амбулаторияны аралап көрді. Ол медициналық қызметкерлер мен күндізгі стационарда ем алып жатқан науқастарды әңгімеге тартты.
Одан әрі облыс әкімі шалғай орналасқан Қараой ауылына барды. Жуырда ғана мұндағы 1987 жылы салынған ауылдық клубта күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Мердігер «Умара» ЖШС нысанның шатырын, еденін ауыстыруды жоспарлаған. Облыс әкімі қабырғаларда пайда болған жарықтарға назар аударып, ғимараттың апатты жағдайда тұрғанына және қалпына келтірілмей отырғандығына алаңдаушылық білдірді. Бердібек Сапарбаев қосымша қаражат көздерін қарастырып, ескі ғимаратты бұзып, орнына жаңа ауылдық клубын салуды тапсырды.
– Мынау ғимарат ары кетсе екі-үш жыл тұрады. Содан кейін ауыл клубын қайтадан салу керек болады. Жұмыс енді басталды, кейін кемшіліктерді түзетумен алыспау үшін уақыт барда олқылықты осы бастан жөнге келтіру қажет. Болашақты ойлаған дұрыс. Мемлекет қаржысын желге ұшырмаңыз, – деді Бердібек Сапарбаев аудан әкіміне.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жақын арада ауылда балалар ойын алаңы мен футбол алаңшасы пайдалануға берілмек.
Бүгінде «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша ұзындығы 8,3 шақырым болатын Қараой ауылындағы жолын және аудандық мәндегі 14,5 шақырымдық «Қаратау-Көктал» жолын орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Бердібек Сапарбаев техникалық қадағалауға жауапты компания мен Талас ауданының әкімі Бақыт Қазанбасовқа құрылыс жұмыстарының сапасына бақылауды күшейтуді тапсырды. Биыл Талас ауданында жалпы құны 1,3 миллиард теңге болатын 52,3 шақырым жол жөнделеді.
Облыс әкімі «Wind Power City» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жел электр станциясына да барды. Осы жоба аясында 1,8 миллиард теңгенің инвестициялары тартылды. Қазірдің өзінде мұнда жалпы қуаттылығы сағатына 9 МВт құрайтын жеті жел генераторы салынды. Инвесторлардың айтуынша, станция тамыздың басында жұмыс істей бастайды. Жобаның екінші кезеңінде жел қозғалтқыштарының саны тоғызға артады.
– Жамбыл облысы баламалы энергетика саласында айтарлықтай әлеуетке ие. Аймақтың климаттық жағдайларын мүмкіндігінше тиімді пайдалану қажет. Жаңартылатын энергия көздері жобаларының көмегімен көптеген елді мекендерді электр қуатымен қамтамасыз етіп қана қоймай, экологиямызды сақтауға болады, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, Қаратау қаласында Бердібек Сапарбаев Көктал сумен жабдықтау жүйесінің, аудан орталығының орталық қазандығына су беру қосалқы желісінің және жаңа тазарту қондырғыларының құрылыс барысымен танысты.
Жалпы, аудан ауылдарын таза ауыз сумен қамтамасыз етуге 1,1 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Ауы су жүйесі биыл Қаратау қаласы мен Майтөбе ауылына жүргізілмек. Ал Бостандық және Тамабек ауылдарындағы ауыз су жүйесі ағымдағы жөндеуден өткізіледі.
Аймақ басшысы ат ізін салған Көктал ауылының тыныс-тіршілігін өзгеге үлгі етуге болады. Ауылда қазір 884 адам тұрады. Жыл басынан бері мұнда бірде-бір қылмыс пен отбасылық кикілжің, ажырасу тіркелмепті. Жаңа әлеуметтік нысандар пайдалануға беріліп, ескілері қалпына келтірілуде.
Атап айтқанда, ағымдағы жылдың мамыр айында басталған М.Жұмабаев атындағы орта мектепті жөндеу жұмыстары тамыз айында аяқталуы тиіс. Құрылысшылар терезелерін, есіктері мен едендерін жаңалауда. Мектепті мұқият қарап шыққан облыс басшысы ескі ғимараттың қасбетін жаңартуды тапсырды.
– Мектеп әдемі, жайлы және қауіпсіз болуы керек. Балалардың тар сыныптарда білім алуына жол бермеуіміз керек. Ауылдық мектептер қала мектептерінен еш кем, нашар болмауы тиіс, – деді ол.
Айта кетерлігі, биыл Талас ауданының елді мекендерінде екі мектепке күрделі жөндеу, ал 11 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланған.
Ал Қаратауда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 55 пәтерлік тұрғын үй қайта жаңартылуда. Кезекте тұрған көпбалалы отбасылар үшін екі тұрғын үй салынуда. Құрылыс нысандарын аралап, пәтерлерге кіріп көрген Бердібек Сапарбаев барлық қажетті инфрақұрылымды уақытылы жүргізуді тапсырды.
Сонымен қатар, облыс әкімі «Жамбыл Недр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кәсіпорнында болып, онда компания өкілдерімен бірқатар мәселелердің шешімін талқылады.