World Bank Қазақстанға 600 млн доллар көлемінде қарыз беруді мақұлдады. Қаражат экономикалық реформаларды ілгерілетуге, жеке секторды дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға жұмсалады, деп хабарлайды Tarazy.kz
Бұл қаражат экономиканың құрылымын жаңартуға, кәсіпкерліктің белсенділігін арттыруға, сондай-ақ, жалақысы жоғары әрі сапалы жұмыс орындарын көбейтуге бағытталады. Сонымен бірге, ел экономикасының тұрақтылығын күшейту көзделген.
Бағдарлама жүзеге асқан соң бизнес пен тұрғындардың экономикалық мүмкіндіктері кеңейіп, өңірлердің дамуына қосымша серпін беріледі деген болжам бар.
Қарызды Халықаралық қайта құру және даму банкі ұсынады. Бұл қолдау елдің негізгі стратегиялық құжаттарын жүзеге асыруға бағытталған. Олардың қатарында «Қазақстан-2050» стратегиясы, 2025-2029 жылдарға арналған ұлттық даму жоспары және төмен көміртекті даму стратегиясы бар.
Жоспарланған реформалар экономиканың өнімділігін арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және Қазақстанның барлық өңірінде жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашады.
