Қазақстан ішкі нарықты авиациялық отынмен толық қамтамасыз ете алмай отыр. Осыған байланысты еліміз жыл сайын Ресейден шамамен 300 мың тонна әуе отынын сатып алады. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлайды Tarazy.kz
Министрдің айтуынша, Қазақстандағы үш ірі мұнай өңдеу зауыты елдің мұнай өнімдеріне деген сұранысының 90 пайыздан астамын өтейді. Алайда авиациялық отын өндірісі ішкі нарықтың қажеттілігін толық жабуға әлі де жеткіліксіз.
«Қазақстан жыл сайын Ресейден 300 мың тоннаға жуық авиациялық отын импорттайды. Қазіргі кезде отандық өндіріс ішкі сұранысты толық қамтамасыз ете алмай отыр», — деді Ерлан Ақкенженов.
Елімізде Атырау, Шымкент және Павлодар мұнай өңдеу зауыттары жұмыс істейді. 2025 жылы аталған кәсіпорындар 18,4 млн тонна мұнай өңдеп, шамамен 15,5 млн тонна дайын мұнай өнімін өндірген.
Бұдан бөлек, Қазақстанда 25-ке жуық шағын мұнай өңдеу зауыты бар. Алайда министр олардың басым бөлігі Кеден одағының техникалық регламентінде белгіленген талаптарға сай келетін жанармай өндірмейтінін айтты.

