АҚШ Әділет министрлігі жариялаған Джеффри Эпштейн ісіне қатысты материалдарда Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі әрі ҰҚК-нің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтің есімі бірнеше мәрте кездеседі. Құжаттарда оның аты кемінде сегіз фрагментте, соның ішінде электронды хаттар мен хабарлама форматындағы жазбаларда аталған, деп хабарлайды Tarazy.kz
Жарияланған материалдар 2011–2015 жылдар аралығын қамтиды.
Атап айтқанда, 2011 жылдың тамызында Эпштейнге жолданған хаттардың бірінде жіберуші өзін Қазақстанда Кәрім Мәсімовтің көршісі ретінде таныстырып, адресаттан онымен таныс-таныс еместігін сұрайды.
Тағы бір хат-хабар алмасуда есімі көрсетілмеген жіберуші Эпштейнге Мәсімовке «сәлем айтқанын» хабарлаған.
Сонымен қатар материалдарда Қазақстанның бұрынғы вице-премьері әрі Ұлттық банктің экс-төрағасы Қайрат Келімбетовтің есімі де бірнеше рет аталады.
2014 жылға тиесілі хаттардың бірінде жіберуші Эпштейннен: «Мәсімовке айта бұйымтайыңыз бар ма?» деп сұрайды.
Эпштейн өз жауабында жай ғана «әңгімелесуді» ұсынатынын айтып, үшінші бір адам арқылы Нью-Йоркте «жақсы уақыт өткізген» Келімбетовке «сәлем айтуға» болатынын жазады.
Құжат мазмұнына қарағанда, әңгіме тағы да Қайрат Келімбетов туралы болуы мүмкін.
Хаттар мен хабарламалардың скриншоттары АҚШ Әділет министрлігінің ресми файлдарының құрамында жарияланған. Алайда материалдарда Кәрім Мәсімовтің Джеффри Эпштейнмен жеке кездескені туралы нақты дерек жоқ.
Джеффри Эпштейн — америкалық қаржыгер, миллиардер, сексуалдық қылмыстармен аты шыққан тұлға.
2008 жылы ол жезөкшелікке тарту ісі бойынша кінәсін мойындап, кәмелетке толмаған қызды зорлағаны үшін сотталған. 2019 жылы адам саудасы мен жезөкшелікке тарту айыптарымен қайта қамауға алынған. Сот үкімін күтпестен, ол қамауда өзіне қол жұмсаған.
Эпштейн кәмелетке толмаған қыздарды сексуалдық қанауға тартқан жүйелі желінің ұйымдастырушысы ретінде аталады.
