Алматы облысы, Кеген ауылының негізгі кіреберіс нысанының іргесінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясымен және халықаралық «Парктер шеруі – 2026» табиғат қорғау науқанымен ұштасқан аймақтық маңызы бар ауқымды ағаш егу іс-шарасы өтті. Бұл экологиялық жоба өңірдің табиғи әлеуетін арттырумен қатар, елді мекеннің эстетикалық келбетін жаңғыртуды және Кеген ауылының болашақ «жасыл белдеуінің» негізін қалауды жоспарлауда, деп хабарлайды Tarazy.kz
Биылғы «Парктер шеруі» акциясы ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселесіне жұртшылықтың назарын аударуды көздейді. Қазақстанда 1996 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан бұл қозғалыс аясында Кеген өңірінде де бірқатар экологиялық іс-шаралар, атап айтқанда «Таза өлке», «Таза аймақ» және «Жасыл жапырақ» акциялары жүзеге асырылуда.

Іс-шараның маңызды бөлігі ретінде жеке инвестордың әлеуметтік жауапкершілігін атап өтуге де болады. Өңірде жүн мен тері өңдеу зауытын салып жатқан «MERGEN HOLDING» ЖШС бұл бастамаға өз үлесін қосуды жөн көріпті. Компания жеке қаражаты есебінен 2 гектар жерді игеріп, аталған алқапқа 2 000 түп калифорния терегін егу жоспарланған.
«Парктер шеруі» – табиғатты қорғау және қоршаған орта мәселелерін шешуге бағытталған халықаралық қозғалыс. 2025 жылғы акцияның нәтижесі бойынша Кеген өңіріндегі ұлттық парк Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің алғыс хатымен марапатталған болатын.
Кеген ауылының босағасында бой көтеретін бұл жасыл желек алдағы уақытта өңірдің экологиялық ахуалын жақсартып, туристік тартымдылығын арттыратын маңызды нысанға айналады деген сеніміміз мол. Бұл қадам —табиғатты қорғау мен өндірістік дамудың үндесе алатынының жарқын үлгісі.
Кегеннің «Жасыл қақпасын» бірге тұрғызайық!