Алматыдағы «Ғылым ордасында» көрнекті тарихшы әрі этнограф Құрбанғали Халидидің ғылыми мұрасына арналған салтанатты тұсаукесер іс-шарасы өтті, деп хабарлайды Tarazy.kz
Жиын барысында ғалымның «Тауарих-и хамса-и шарқи» («Шығыстың бес елінің тарихы») атты еңбегінің бес кітаптан тұратын академиялық басылымы, қазақ тілінде жеке кітап болып жарық көрген аудармасы және «Құрбанғали Халидұлы: дерек, тарих, таным» атты ғылыми жинақ таныстырылды.

Іс-шараның ашылуында «Ғылым ордасы» РМК бас директоры Нұрлан Сейдін жазба деректерді зерттеудің отандық тарих ғылымы үшін маңыздылығына тоқталды.
Құрбанғали Халидидің «Тауарих-и хамса-и шарқи» («Шығыстың бес елінің тарихы») академиялық басылымы Орталық ғылыми кітапхананың Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сақталған түпнұсқа қолжазба және 1910 жылы Қазан қаласында жарық көрген кітаби нұсқа негізінде дайындалған. Басылымға қолжазбаның факсимилесі, ғылыми транскрипциясы, қазақ тіліндегі аудармасы, мәтіндік түсініктемелер мен ғылыми анықтамалар енгізілген.
«Тауарих-и хамса-и шарқи» – Қазақстан мен Орталық Азия халықтарының тарихын, этнографиясын, рухани мәдениеті мен қоғамдық өмірін зерттеудегі маңызды жазба мұралардың бірі. Шағатай жазба тілінде жазылған шығармада араб-парсы ғылыми терминдері мен тарихи атаулардың мол қолданылуы мәтіннің құрылымын күрделендіреді. Осыған байланысты бұған дейінгі аудармалар мен басылымдарда шығарманың жекелеген бөліктері қысқартылып немесе мазмұндалып берілген.
Академиялық басылымды әзірлеу барысында түпнұсқа қолжазба Қазан, Алматы және Бейжің басылымдарымен салыстырылып, мәтіндік айырмашылықтар мен түзетулер анықталды. Алдыңғы басылымдардағы олқылықтар қайта қаралып, түпнұсқа қолжазбадағы тың деректермен толықтырылды.
Жарық көрген іргелі еңбектер Құрбанғали Халидидің бай мұрасын жаңа деңгейде зерделеуге мүмкіндік беріп, отандық тарих ғылымы мен шығыстану саласының дамуына елеулі ықпал етті.