Қаладағы кафелердің бірінде төгілген шайдың салдарынан жанжал шығып, оқиға күш қолданумен аяқталған. Бұл туралы жәбірленуші Lada.kz сайтына айтып берді. Оқиғаға қатысты пікірді Маңғыстау облыстық полиция департаменті де ұсынды, деп хабарлайды Tarazy.kz
Оқиға 2025 жылғы 31 желтоқсан кешке болған. Жәбірленушінің айтуынша, ол кафеде отырған кезде шайды байқамай төгіп алған. Осыдан кейін мекеме иесі жиһазды химиялық тазалауға кететін ақшаны бірден төлеуді талап еткен.
Бұл сәт бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Видеода бірнеше ер адамның қызға күш көрсеткені көрінеді. Олар оны итеріп, ұстап, шашынан сүйреген. Оқиға келушілердің көзінше болған.
Жәбірленуші шығынды өтеуден бас тартпағанын айтады.
«Мен қарсы болған жоқпын. Ағама хабарласамын, ол келіп, бәрін шешеміз дедім», — дейді ол.
Алайда оның сөзінше, туысын күтуге ешкім келіспеген. Жанжал кезінде одан ұялы телефоны, ноутбугі және сырт киімі салынған екі пакет жеке заттары күшпен тартып алынған.
«Мені заттарымсыз, сырт киімсіз кафеден қуып шығарды. Көшеде жүрген адамдардан телефон сұрауға тура келді», — делінген оның арызында.
Жәбірленуші бұл жағдайда мекеме қызметкерлерінің әрекетінен ҚР Қылмыстық кодексіндегі «Өз бетінше билік ету» бабының белгілерін көріп отырғанын айтады. Алайда іс тек қасақана денсаулыққа зиян келтіру дерегі бойынша тіркелген. Сонымен қатар, кафе иесі 2026 жылғы 27 қаңтарда қарсы арыз түсірген.
Оқиғаға қатысты түсініктеме берген Маңғыстау облысының полиция департаменті өкілдерінің мәліметінше, 31 желтоқсанда кафе әкімшісі мен келуші арасында алдымен сөзге келу болған. Кейін ол жанжал төбелеске ұласқан. Нәтижесінде екі тарап та дене жарақатын алған.
2026 жылғы 31 қаңтарда істің материалдары сотқа жолданған.
Полиция өкілдері қоғамдық орындарда күш қолдануға жол берілмейтінін және мұндай әрекеттерге міндетті түрде құқықтық баға берілетінін айтты.
