Алматыдағы «Ғылым ордасы» РМК-да «Палеонтология, зоология, археология, археография: қор жинақтарын пәнаралық зерттеу және оларды жаңа материалдармен толықтыру («Ғылым ордасы» музейлері негізінде)» тақырыбында халықаралық ғылыми симпозиум өтті, деп хабарлайды Tarazy.kz
Ғылыми жиын музей қорларын зерттеу, сақтау және ғылыми айналымға енгізу, палеонтологиялық, зоологиялық, археологиялық және археографиялық материалдарды пәнаралық тұрғыда зерделеу, заманауи зерттеу әдістерін қолдану және ғылыми ынтымақтастықты дамытуға арналды.

Іс-шараның ашылуында «Ғылым ордасы» РМК бас директоры Нұрлан Сейдін музей қорларының ғылыми зерттеулердегі маңызын атап, тарихи-мәдени және табиғи мұраны сақтау мен ғылыми айналымға енгізудің өзектілігіне тоқталды. Сондай-ақ музей қорлары негізінде ғылыми жобаларды жандандырып, пәнаралық зерттеулерді кеңейту арқылы отандық ғылымның әлеуетін арттыру қажеттігін атап өтті.
Симпозиумның ғылыми бағдарламасы бес секцияны қамтыды
«Палеонтологиялық коллекцияларды сақтау, реставрациялау және зерттеу» секциясында палеонтологиялық қорларды сақтау мен зерттеудің заманауи әдістері, оның ішінде micro-CT, 3D-сканерлеу және цифрлық морфометрия технологиялары таныстырылды. Қытай Ғылым академиясының аға ғылыми қызметкері Ли Вэйчан (Li Weichang) Солтүстік Қытайдың төменгі бор кезеңіндегі тероподтардың эволюциясына қатысты зерттеу нәтижелерімен бөлісті.
«Археологиялық материалдарды пәнаралық зерттеу және интерпретация» секциясында Қапал–Қызылағаш 1 қалашығының археозоологиялық материалдары мен керамикалық кешеніне жүргізілген зерттеу нәтижелері, сондай-ақ 2026 жылғы археологиялық жұмыстар ұсынылды. Қарақалпақстанның археологиялық және этнографиялық мұрасын зерттеу, жинақтау және сақтау тәжірибесі де таныстырылды.
Екі күндік симпозиумда отандық және шетелдік зерттеушілер тәжірибе алмасып, музей қорларын зерттеу мен пәнаралық тәсілдерді жетілдіру жолдарын талқылады. Іс-шара ғылыми байланыстарды нығайтуға және «Ғылым ордасы» музейлерінің зерттеу әлеуетін арттыруға ықпал етті.