Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Чапаев ауылында жаңа салынған жаяу жүргінші жолы халықтың ашу-ызасын тудырды, деп хабарлайды Tarazy.kz
Тұрғындардың айтуынша, мердігер компания қыстың қақ ортасында қар үстіне тротуар салып кеткен.
“Майдан көшесіне түнде келіп, қалай болса солай асфальт төсеп кеткен. Бұл ауылға, тұрғындарға жасалған нағыз немқұрайлылық қой. Осы жұмысты кім қабылдады? “ТКШ бақылау, сапа” деген құрылым расымен бар ма? Жергілікті әкімдік бұл мәселеге неге көз жұма қарап отыр? Ауылда бір жаны ашитын, жауапкершілік алатын адам қалмағаны ма?”, — деп күйінді видео авторы.
Айтуынша, төселген асфальттың қалыңдығы бес сантиметрге де жетпейді.
“Мұндай “жөндеудің” көктемге дейін шыдауы екіталай. Ертең-ақ опырылып, шаншылып қалады. Смета бойынша мұнда брусчатка төселуі керек болған, алайда оның орнына арзан, сапасыз асфальт төсей салған.
Бұл — бюджет қаржысын ашықтан-ашық рәсуа ету. Қанша қаражат бөлінді? Ол ақша қайда кетті? Әкімдік қайда қарап отыр? Жауапты мердігерлер мен қабылдаған тұлғалар неге жауап бермейді?”, — деді тұрғын.
