Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл сот шешімін орындамағаны үшін айыппұл арқалады, деп хабарлайды Tarazy.kz
Protenge телеграм арнасының мәліметінше, әкімшілік сот вице-министрге 78 640 теңге және 196 600 теңге көлемінде айыппұл салған. Даудың басталуына мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысты келіспеушілік себеп болған. Конкурс құжаттарымен келіспеген әлеуетті жеткізуші сотқа жүгініп, іс жарты жылдан астам уақыт қаралған. Нәтижесінде сот кәсіпкердің уәжін қолдап, Қаржы министрлігіне мұндай заңбұзушылықтарды қайталамау жөнінде жеке қаулы жолдаған.
Мұндай жағдайда сот мемлекеттік органнан нақты шара қабылдап, атқарылған жұмыстар туралы есеп беруді талап етеді. Алайда белгіленген мерзімде сотқа есеп ұсынылмаған. Осыны сот шешімін орындамау әрі сотқа құрметсіздік ретінде бағалаған әкімшілік сот вице-министрден түсініктеме талап еткен. Нақты жауап болмағандықтан, оған 20 және 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.
Қаңтар айының соңында Дәурен Кеңбейіл айыппұлдарды даулауға тырысқанымен, сот оның уәждерін қанағаттандырмады. Себебі шағымды министрліктің мүддесін қорғайтын заңгер берген, ал айыппұл вице-министрдің өзіне жеке тұлға ретінде салынған. Сот айыппұлды төлеу міндетін күшінде қалдырды.
Осылайша, вице-министр мемлекет бюджетіне 275 мың теңгеден астам айыппұл төлеуге тиіс. Бұл жағдай кәсіпкердің өз құқығын сот арқылы қорғауынан басталған даудың нақты салдары болды.
