Футболдан Қазақстан құрамасы Фарер аралдарының құрамасын жеңе алмады. Ең қызығы, қарсылас сапындағы ойыншылардың бір бөлігі кәсіби футболшы емес, деп хабарлайды Tarazy.kz
Фарер аралдары құрамасының жартылай қорғаушысы Йоаннес Бьорталидтің айтуынша, командада әлі күнге дейін әуесқой және жартылай кәсіби ойыншылар көп.
«Бізде әлі де футболдан бөлек жұмыс істейтін немесе оқитын жігіттер бар. Мысалы, қорғаушыларымыздың бірі толық жұмыс күні бойы жиһаз сатумен айналысады. Ал оң қапталдағы қорғаушымыз таңертең электрик болып жұмыс істейді. Командада футбол жалғыз табыс көзі саналмайтын ойыншылар аз емес», – деді ол Sports24 басылымына берген сұхбатында.
Бұл мәлімдеме әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Жанкүйерлер кәсіби футболшылардан құралған Қазақстан құрамасының футболдан бөлек мамандық иелеріне қарсы басымдық көрсете алмағанына назар аударуда.
Фарер аралдары – халқы небәрі 55 мыңнан асатын шағын мемлекет. Соған қарамастан, жергілікті футболшылар халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті ойын көрсетіп келеді. Ал олардың кейбірі негізгі жұмысын футболмен қатар алып жүреді.

