Қазақстан билігі Ресейде жұмыс іздеп барған және Украинадағы соғысқа жіберілу қаупіне тап болған қазақстандықтар мәселесін дипломатиялық жабық арналар арқылы шешіп жатыр, деп хабарлайды Tarazy.kz
Құрылтай депутаты Ерлан Саиров Ресейде жұмыс іздеп барған қазақстандықтардың Ресей армиясы құрамында Украинадағы соғысқа жіберілуі мүмкін екені туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді.
Журналистер депутаттан қазіргі жағдай туралы сұрады. Олардың айтуынша, Астанаға Ресейде жүрген қазақстандықтардың ата-аналары келген. Әңгіме шамамен 21 адам туралы болып отыр. Олардың кейбірі Ресейден жұмысты интернеттегі хабарландырулар, соның ішінде OLX арқылы тапқан.
Ерлан Саировтың айтуынша, бұл мәселе бұған дейін де көтерілген. Қазір Қазақстан Үкіметі жағдайды дипломатиялық арналар арқылы шешуге жұмыс істеп жатыр.
«Бұл мәселе бұған дейін де көтерілді. Қазір Үкіметіміз бұл мәселемен жабық дипломатиялық арналар арқылы жұмыс істеп жатыр. Жағдай өте қауіпті болғандықтан, қазіргі уақытта көпшілікке егжей-тегжейлі ақпарат бере алмаймыз. Бірақ Үкімет бұл мәселемен дипломатиялық арналар арқылы айналысып жатқанын айта аламын»,- деді депутат.
Саиров қазіргі күрделі геосаяси жағдайға байланысты азаматтардың шетелге шығу кезінде ықтимал тәуекелдерді алдын ала бағалауы қажет екенін атап өтті.
«Халықаралық жағдай күн сайын өзгеріп жатыр, қауіп пен қатер өте көп. Әр азамат қандай да бір қадамға бармас бұрын өте сақ болуы керек. Егер азаматтар басқа елдерге баруды жоспарласа, заң мен тәртіпті сақтап, өз қауіпсіздігіне мұқият қарауы қажет», — деді ол.
Журналистер Ресейде азаматтарға жұмыс тауып беруге уәде ететін делдалдар мәселесін де көтерді. Саиров билік қоғамда талқыланып жатқан мәселелердің барлығымен жұмыс істеп жатқанын айтты.
Бұған дейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Ресейде жұмыс істеуге барған қазақстандықтардың соғысқа тартылуы мүмкін екені туралы ақпаратқа байланысты тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеген. Ведомство мәселені Ресей тарапымен дипломатиялық арналар арқылы талқылап жатыр.

