Биыл Шыңғыстаудан шыққан қазақ әдебиетінің асқар биігі Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын атап өту үшін мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Дана да, дара да, кемелді кемеңгер, ғұлама ойшылдың шығармашылығын насихаттауда қоғамның рухани жағынан дамуына, мәдениетін көтеруге ықпал ететін мәдени орта – кітапханалардың алатын орны ерекше.
Осындай игі шаралар легі Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханада жалғасын тапты. Кітапханада «Абай мұрасы» атты тұрақты кітап көрмесі ұйымдастырылып, онда Абай Құнанбаевтың шығармалары, ақын жайлы жазылған кітаптар, мақалалар, ғылыми зерттеулер, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан», Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы Берік Уәлидің «Абай мен Алаш» атты мақаласы да қойылды.
Сонымен бірге, кітапханада «Абай жолы ұлы туынды» онлайн әдебиет әлемі, «Абай жүрген ізбенен…» онлайн Абай оқулары өтуде. Іс-шаралар барысында кітапханашылар мен оқырмандар Абайдың әндерін, өлеңдерін, қарасөздерін, күйлерін орындап, кітап көрмесіне онлайн шолулар жасауда.
Кітапханашылар іздену барысында Ұлы Абай жайлы жазылған тың деректер, қызықты материалдарды оқырмандар назарына жанды дауыста ұсынуда.
Бүгінгі күнге дейін кітапхананың ұйымдастыруымен әлеуметтік желіде 70- тен астам Абай шығармашылығы насихатталса, біз ұсынған челлендж облыс кітапханаларында жалғасын тауып, бұл цифр бірнеше есеге көбейді.
Тамыз айында кітапхананың «Өлкелік туризм кітапхана жұмысының инновациялық түрі ретінде» жобасы аясында Шу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде «Абай мұрасы – халық ұлағаты» атты үлкен мәдени іс-шараны өткізу жоспарлануда. Шара барысында Абайдың әндері мен күйлері, өлеідері Шу ауданының оқырмандары арасында кеңінен насихатталады.
Абай поэзиясы – даналықтың, махаббат пен адалдықтың поэзиясы, оның мол мұрасын жаңаша ұғыну жалғасып, кітапхана өз оқырмандарына Абай мұрасын насихаттау жұмысын тыңғылықты түрде жалғастыра береді.