Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласын аралап, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы мен абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты.
Атап айтқанда, облыс әкімі 10 шағын аудандағы №16.17.17 тұрғын үйлердің аулаларын да жүріп жатқан абаттандыру шараларын барлады. Онда тұрғындар мердігерлер жүргізіп жатқан жұмыстардың сапасына қатысты шағымдарын жеткізді.
Аймақ басшысымен болған әңгіме барысында тұрғындар аулаларындағы жұмыстардың екі ай бойы жалғасып жатқанына, құрылыстың сапасыздығына реңіштерін білдірді. Бұл ретте, үш ауланы абаттандыруға бюджеттен 60 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылған.
Бердібек Сапарбаев Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаевқа мердігер ұйымды қала тұрғындарына ыңғайсыздық туғызбай және жұмыстың тиісті сапасын қамтамасыз етіп, бұл мәселені тезірек шешуге шақыруды тапсырды.
Сондай-ақ, облыс әкімі 12-ші шағын аудандағы аулаларды абаттандыру, Сарсембаев көшесі мен Жамбыл даңғылындағы жылу желілерін жөндеу, Громов көшесінде сумен жабдықтау жұмыстарын тексерді.
Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев 180 оқушыға арналған №4 мектептің құрылыс алаңында болды. 1958 жылы іргесі қаланған ескі мектеп ғимараты апатты жағдайда десек, оның орнына жаңа заманауи мектеп салу туралы шешім қабылданды. Бұл бағытқа шамамен 700 миллион теңге бөлініп отыр.
Сондай-ақ, бұл күні өңір басшысы Төле би көшесінің бойындағы «Қазақ еліне мың алғыс» стеласының құрылыс барысымен танысты. Биіктігі 30 метр болатын сәулет құрылысы «Арбаттың» келесі кезеңінің бір бөлігіне айналмақ. Жалпы ауданы 3,5 гектарды құрайтын аумақта көпжылдық ағаштар, сәндік бұталар, көгалдар отырғызылып, жеті субұрқақ жөнделіп, жарық, орындықтар және шағын сәулет нысандары орнатылмақ.
— Абаттандыру жұмыстары сапалы жүргізілуі тиіс. Қала әкімдігі бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстауы қажет. Таразда қала тұрғындары мен қонақтардың бос уақыттарын тиімді өткізетін демалыс орындарын көбірек ашу керек, — деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев қала басшысына бірқатар тұрғын үйлердің сыртқы келбетін ретке келтіріп, оларға іргелес жатқан аумақты абаттандыру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Келесі күні, 21 маусымда Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласын кезекті рет аралап, бірқатар жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.
Аймақ басшысы алдымен «Март» сауда және ойын-сауық орталығының жанында орналасқан «Арбат» жаяу жүргіншілер жолының үшінші кезеңінің құрылыс басына барды.
Жобалаушылардың идеясы бойынша «Арбат» жаяу жүргіншілер жолы «Көне Тараз» кешені мен Қарахан баба кесенесін байланыстырмақ. Онда жалпы ауданы 2,5 гектарды құрайтын ұзындығы 320 метрлік сазды субұрқақ іске қосылады. Сегіз түрлі ағаштың 160-тан астам көшеті отырғызылып, жарықтандырылу жүргізіліп, орындықтар мен беседкалар орнатылмақ. 18 мың шаршы метрге өрнектастар төселеді деп жоспарланған. Мұндағы жұмысқа барлығы 50 адам тартылған десек, олардың орташа жалақысы 100 мың теңгені құрайды.
Мердігер ұйымның директоры Еркебұлан Егізбаевтың айтуынша, нысанды мерзімінен бұрын, яғни, келесі айдың аяғына дейін тапсыру көзделуде екен. Бүгінгі таңда жұмыстың 50 пайыздан астамы аяқталып үлгерілген. Жаяу жүргіншілер аллеясының жанында сауда павильондарын салу жоспарланған. Бюджеттен тыс қаражаттар есебінен өткен ғасырдың басында салынған «Әулие-Ата» мешітін қайта қалпына келтіру жұмыстары да қолға алынған.
Сондай-ақ, аймақ басшысы «ATHLETIC» көпфункционалды спорт кешенінде болды. Кешеннің барлық бөлмелері Қазақстанның ұлттық құрамаларының оқу-жаттығу жиындарын, әртүрлі спорт түрлері бойынша жарыстарды табысты өткізу үшін спорт құралдар мен құрал-саймандарының толық жиынтығымен жабдықталған.
Қатысушыларға ыңғайлы болу үшін барлық бөлмелер автономды жылыту, ыстық және салқын сумен қамтылған. Душ, киім ауыстарын, жуынатын бөлмелері бар.
Мұнда футбол, волейбол, бокс, күрестің барлық түрлері, дзюдо, таеквондо, ауыр атлетика, армрестлинг және т.б. спорт түрлері бойынша жаттығуға болады.
Бердібек Сапарбаев спорт кешенінің материалдық-техникалық базасына жоғары бағасын беріп, Жамбыл және басқа облыстардан келген спортшылар мұнда оқу-жаттығу жиындарын ойдағыдайм өткізе алатынын атап өтті.
— Спорт басқармасы жеке кәсіпкерлерден тиімді бағада және қазіргі заманғы көпфункционалды кешендер салу жөнінде тәжірибе алу қажет. Бұл бюджет қаражатын үнемдеуге ғана емес, сонымен қатар облыс тұрғындарының басым бөлігін спорт инфрақұрылымымен қамтуға мүмкіндік береді, — деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев «Салтанат» ықшамауданындағы №19,20,22,23 көп пәтерлі тұрғын үйлерді жаңғырту жұмыстарының сапасын тексерді. Мұнда облыс әкімі жергілікті тұрғындармен кездесіп, әңгімеге тартты. Олар жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарына деген ризашылықтарын білдірді.
— Осы бағдарламаның арқасында сіздердің үйлеріңізді жөндеп, ретке келтіруге мүмкіндік туып отыр. Мемлекет бұл мақсаттарға қомақты қаржы бөлуде. Өз кезегінде сіздердің тараптарыңыздан да ортақ жауапкершілік болуы керек. Сіздер тұрғын үйдің жағдайын өздеріңіз де бақылауларыңыз керек. Мен елдің көптеген аймақтарында жұмыс істедім, бірақ қалада ПИК (басқарушы компаниялары) жұмыс істемейтінін бірінші рет көріп отырмын. Сіздерге меншік иелері бірлестігін немесе кондоминиум құру керек, — деді облыс әкімі тұрғындармен болған диалог барысында.
Жалпы, облыс орталығында жаңғырту жұмыстарын қажет ететін 797 көппәтерлі тұрғын үй бар. Ағымдағы жылы бюджет қаражаты есебінен жалпы құны 3,4 млрд. теңгеге 80 тұрғын үйді жаңғырту жоспарланған. Сонымен қатар, 24 тұрғын үйде 1,1 млрд. теңгеге тиісті жұмыстарды бастау күтілуде. Қаражат 7 жылға дейінгі мерзімге 0,1% мөлшерлемемен қайтарымды негізде бөлінген.
Сондай-ақ, осы күні облыс әкімі ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан № 39 мектеп-гимназиясында және орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Братская көшесіндегі құрылыс барысын барлады.