Тараз қаласында банк бөлімшелерінің бірінің маңынан 35 жастағы кәсіпкер Елнұр Маймақовтың мәйіті табылды. Оның басынан оқ жарақаты анықталған, деп хабарлайды Tarazy.kz
Полиция мәліметінше, марқұм оқиға алдында танысының үйінде болған. Екеуінің арасында қарыз мәселесіне байланысты жанжал туындаған.
Жанжалдан кейін олар сыртқа шыққан. Сол кезде ер адам қару шығарып, қарсыласына қарай екі рет оқ атқанымен, ешкім зардап шекпеген. Арада бірнеше минут өткен соң тағы бір оқ дауысы естілген.
Кейін кәсіпкердің денесін оның танысы тапқан. Ол марқұммен бірге таңғы намазға бармақ болған. Белгілі болғандай, қайтыс болар алдында ер адам досына хабарласып, өзін жақын маңдағы дәмханадан алып кетуін сұраған.
Оқиға орнынан тіркелмеген травматикалық тапанша тәркіленді. Қазір іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
«Таразда ер адамның денесі табылуына байланысты Қылмыстық кодекстің 105-бабы – “Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу” бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта істің мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде», – деп хабарлады Тараз қаласы ПД.
Сондай-ақ полиция тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпараттың жария етілмейтінін атап өтті.
Кейбір мәліметтерге сәйкес, іс бойынша басты фигурант Алмас Қырықбаев болуы мүмкін. Бұған дейін оның есімі «Қырықбаевтар» ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысты аталған. Алайда бұл ақпаратты құқық қорғау органдары ресми түрде растаған жоқ.
