Биыл Алаш ардақтысы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, саяси қуғын-сүргін құрбаны Ұзақбай Құлымбетовтің туғанына 135 жыл толып отыр. Осыған орай Абай университетінде «Алаш ардақтылары және Қазақ мемлекеттілігі идеясы» атты ғылыми-танымдық дөңгелек үстел өтті. Тағылымды басқосу «Ғылым декадасы – 2026» аясында ұйымдастырылып, отандық ғылым өкілдері тарихи тұлғаның елдік мүдде жолындағы қызметін қазіргі көзқарас тұрғысынан зерделеді.
Іс-шара барысында Алаш қайраткерлерінің еңбектеріне арналған сирек басылымдар мен архивтік деректер көрмесі қойылды. Жиынды университеттің Зерттеу қызметі және инновациялар жөніндегі проректоры Ертай Сұлтан ашып, тарихи сананы жаңғырту мен ұлт зиялыларының мұрасын ғылыми тұрғыда зерделеудің маңыздылығына тоқталды.
Келелі кеңесте академик Мәмбет Қойгелдиев қоғам қайраткерінің саяси ұстанымы мен мемлекет қалыптастыру ісіндегі рөлін тың деректер негізінде талдап, азаматтық болмысына жаңаша баға берді. Академик Ханкелді Әбжанов баяндамасында тұлға өмірінің соңғы кезеңіне назар аударып, қуғын-сүргін жылдарындағы қайсарлығы мен ұлт мүддесіне адалдығын нақты деректермен айшықтады.
Зерттеуші Светлана Смағұлова өз сөзінде Ұзақбай Құлымбетов пен Тұрар Жаманмұрыновтың ел дамуына қосқан үлесін салыстыра баяндады. Олардың өнеркәсіп, инфрақұрылым және ел астанасын қалыптастырудағы басқарушылық қызметін жүйелі түрде сипаттады. Ал Гүлшат Нұрымбетова саяси қуғын-сүргіннің қоғамға түсірген салмағын қозғап, тарихи кезеңнің отбасы өміріне тигізген зардабын терең мазмұнда жеткізді.
Жас ғалым, университет магистрі Баян Серікқызы «Тарихи тұлғаны заманауи цифрлық платформа арқылы таныту: Ұзақбай Құлымбетов мысалында» тақырыбындағы инновациялық диссертация жұмысын көпшілікке таныстырды. Жас зерттеушінің жобасы тарихи мұраны цифрлық кеңістікте дәріптеудің өзектілігін көтеріп, мемлекет қайраткерінің өмірі мен қызметін заманауи форматта танытуға бағытталған. Бұл жоба – тарихи тұлғаларды зерттеудің дәстүрлі әдістерін жаңа цифрлық технологиямен ұштастыру арқылы ғылымды насихаттаудың тиімді құралы деп бағаланды.
Дөңгелек үстелдің қорытындысын Ұзақбай Құлымбетовтіңқызы – Орынша Қарабалина «Ұрпаққа аманат» атты мазмұнды баяндамасымен түйіндеді. Ол әкесінің ел алдындағы еңбегінен, әділетсіздікке ұшыраған тағдырынан сыр шертіп, бүгінгі ұрпаққа тарихи шындықты білу мен ұлттық мүддені қорғаудың маңызы туралы тебірене айтты. Алаш ардақтыларының ерлігі мен елжандылығын ұмытпау – ұлт болашағын құрудың негізі екенін атап өтті.
Мазмұнды жиын ұлттық тарихты терең пайымдауға, Алаш мұрасын жүйелі зерделеуге және елдік сананы нығайтуға жаңа серпін берді. Университет қабырғасында жүзеге асатын ғылыми басқосулар тарихи жадыны жаңғыртып қана қоймай, жауапкершілігі жоғары, ойы сергек, рухы берік жас буын қалыптастырудың негізі.
