Жарылған құбыр Қарабалаевтың қадағалауымен қалпына келтірілді, — деп хабарлайды Tarazy.kz тілшісі.
Кеше қаладағы Төле би даңғылының бойында жарылған газ құбыры тәулікке жетпей қалпына келтірілді. Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев бүгін таң сәріден апат орнына тағы қайтара келіп, нысандардың жылуға қайта қосылуын қадағалады.
Еске салсақ, кеше, 23 қазан күні «ЖамбылТранстелеком» АҚ жұмысшылары жер қазу жұмыстарын жүргізу барысында Тараздағы Төле би даңғылының бойында газ құбыры АГРС-2 (автоматтандырылған газ реттеуіш станциясы) қалаға кіретін 630 мм диаметрлі полиэтилен газ құбыры зақымдалған болатын. Газдың шығуын тоқтату мақсатында апатты бригада ф-600 және ф-500 миллиметрлі жерасты ысырмаларын бекітіп тастауына тура келді. Мұның салдарынан РК-4 аудандық 4-ші қазандық, 4 өнеркәсіптік кәсіпорын, 27 коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорын және 176 жеке тұрғын үй уақытша газсыз қалды
Облыс және қала әкімдігінің өкілдері, жауапты мекемелердің басшылары оқиға орнына келіп, мән-жаймен танысты. Атап айтсақ, Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев газ құбыры жарылған аумаққа жедел жетіп, оның жылдам шешілуін өз бақылауына алды. Шаһар басшысы «ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесінің өкілдерімен бірлесіп, оқыс оқиға салдарын жедел қалпына келтіру және нысандарды газбен қамтамасыз етуді қайта іске қосу мақсатында қажетті жабдық табылуы мен техниканың жұмылдырылуына сәйкес тапсырмалар берді.
Шаһар басшысының мәселенің шұғыл шешім табуын өз назарына алуы газсыз қалған 200-ден астам түрлі нысанның жарты тәулік шамасында жылуға қайта жалғануына ықпал етті.