Айтулы күнге ЖД-158/7 мекемесі де үн қосты. Карантиндік талаптар сақтала отырып, іс-шара өтті. Түрме аумағындағы кітапханаға сотталғандар жиылып, ақынның шығармаларымен танысты, — деп хабарлайды Tarazy.kz тілшісі.
Түсінгенге мол мұра — Абайдың қара сөздері, жұрт арасында кеңінен танымал қанатты сөздер мәселен, Абай айқындап берген «Бес асыл іс, бес дұшпан», «Біріңді қазақ бірің дос» сынды тәмсілдерді жатқа айтып жарысты. Ал үш бірдей сотталған жүрекжарды туындысын арнап, көпшілік алдында оқып берді.
Сондай-ақ, екі жазасын өтеуші қосылып үлкен көлемді Абай портретін салып, дәп бүгін бітірді. Ені 1 метр, ұзындығы 1,5 метрді құрайтын қылқалам туындысы майлы бояумен салынған. Суретшілердің сөзінше тұғыры биік тұлғаның туындысы да өзгелерден айшықтала түсуі тиіс. Мекеме бастығының міндетін атқарушы, әділет майоры Жасұлан Құрманалиевтің айтуынша сотталғандардың ерекше ықыласы тәнті етті. Кей бағдарламалық жиындарға селсоқтық танытатыны жасырын емес. Алайда бұл жолы белсенді қатысып, сонымен қатар ХХ-ғасыр гомерінің бірнеше өлеңдерін жатқа айтып, нақыл сөздерін тілге тиек етуі қуантты деседі.
Бүгінгі күн қазіргідей індетпен арпалысып, күйзелген халықты өресін көтеріп, жырымен емдеген құдіретке ие күн болды.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 4 тамыздағы қаулысымен 10 тамыз — Абай күні болып бекітілді.
Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғарғы колледжінде «Абайтану» орталығы ашылды.
Әдеби орталықтан ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына қатысты көптеген мағлұматтар табуға болады. Ақынның атымен аталатын білім ошағында Абай өлеңдерінің әлем тілдеріндегі тәржімалары, белгілі абайтанушылардың, филологтар мен жазушылардың еңбектері, электрондық және музыкалық басылымдар, кемеңгердің шығармалары қамтылған. Ең бастысы орталық қоры үнемі жаңа басылымдармен, тың материалдармен толықтырылып отырмақ.
Абай мұраларында барша халықтың болмысы мен бітімі, тұрмысы мен тіршілігі, діні мен ділі, мінезі мен рухы жатыр.
Абайдың өз заманында жазған еңбектері бүгінгі қоғам үшін де өзектілігі мен құндылығын жоғалтпай, жанданып келеді.
Абай Құнанбайұлының мерейтойын лайықты деңгейде атап өту, оның есімін ұлықтау — баршамыздың ортақ мақсатымыз.