І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті базасындағы Марке политехникалық университетінің филиалында Ғылым декадасы аясында ашық есік күні өтті. Шараға Жетісу облысы білім басқармасының өкілдері, Назарбаев зияткерлік мектебінің, №20 және М. Арын атындағы №24 мамандандырылған лицейінің оқушылары қатысты. Ғылым декадасының ашылуында Басқарма Төрағасы – Ректор Ермек Бөрібаев сөз сөйлеп, апталық аясында атқарылатын шаралардың маңызына тоқталды.
«Ғылым декадасы – бұл жаңа мүмкіндіктердің бастауы. Бұл — білім мен ғылымның тоғысқан, жаңа идеялар мен тың бастамалардың өмірге келетін алаңы. Ғылым апталығы аясында өтетін кездесулер, конференциялар, байқаулар мен семинарлар сіздердің ғылыми әлеуеттеріңізді арттырып, жаңа жетістіктерге жетелейді деп сенемін» — деді ректор.
Марке политехникалық университеті Ауыл шаруашылығы, тағам және экологиялық ғылымдар департаментінің директоры Давиде Нери бейнеқұттықтау жолдады. Шара барысында «Италияда білім алу: тәжірибе, мүмкіндік, болашақ» тақырыбында ашық диалог алаңы өтті.
Онда Марке политехникалық университетінің агрономия мамандығының оқытушысы Марко Фиорентини «Дәлме-дәл егіншілік және агрономиялық шешімдерді қолдау мен егістік жұмыстарын жүргізуге арналған жасанды интеллект», Халықаралық ынтымақтастық орталығының сарапшысы Ильяр Абдухаиров «Италияда Erasmus+ академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында оқу», Жетісу университетінің агрономия мамандығының 3-курс студенті Малика Арынова «Агрономия мамандығын оқудағы менің жолым», Екі шет тілі мамандығының 3-курс студенті Назым Нурсейтова – «Академиялық ұтқырлық аясында шетелде білім алу: менің Малайзия еліндегі тәжірибем» тақырыбында ашық диалог жүргізіп, өз тәжірибелерін ортаға салды.
Ашық есік күніне келген қонақтар мен мектеп оқушылары «Jas galym» және «Zhetysu startup» жобаларының көрмесін тамашалады. Сондай-ақ, Speed Breeding пен Академиялық артықшылық орталығын аралап, Марке политехникалық университеті филиалының базасымен жақынырақ танысты.
