Ел тәуелсіздігі жарияланғалы бері Жамбыл облысы аумағында 146 елді мекеннің, 1924 көшенің, 172 нысаның атауы ауыстырылған.
Елімізде 2013 жылы «Ономастика туралы» Заң қабылданып, онда топономикалық атауларды берудің барлық заңдылықтары анық жазылды. Сондай-ақ, елді мекендерді, көшелерді тарихи тұлғалардың атымен атау, тарихи атауын қайтарудың да талаптары көрсетілген болатын. Соған орай өткен жылдың өзінде Жамбыл облысы әкімдігі жанындағы ономастикалық комиссиясында елдімекендер мен олардың құрамдас бөліктерінің атауын өзгерту туралы 291 ұсыныс қаралған екен. Оның ішінде 1 ұсыныс ауылдық округтің атауын қайта атауға қатысты болса 4 ұсыныста елді мекен атауын өзгерту жайы айтылған. Нәтижесінде облыс әкімдігінің қаулысы және облыстық мәслихат шешімімен 1шағын аудан, 25 көше мен қайта атауды қажет еткен 200 көшенің атауы өзгертілген.
«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ облыс, жалпы республиканың өміріндегі түрлі салаларға тыңнан түрен салған түрлі жаңалықтар орын алды. Әсіресе елдің рухани өмірі кемелдене түсті. Бұрын қылышынан қан тамған кеңестік жүйенің тұлғаларына, партия белсенділеріне беріліп келген елді мекендердің, көшелердің, мекемелердің атаулары қазақшаланды. Құр қазақшаланып қана қоймай, қазақ халқының отарлаушы империя басып-жаншып, өшірмек болған тарихи атаулар, тарихи тұлғалардың аты қайта оралды. Бір ғана Жамбыл облысында бұл бағытта көп шаруа атқарылғаны мәлім. Мәселен облыс орталығы Тараз деген тарихи атауына қол жеткізді. Қаладағы көше атауларына Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің есімі берілді. Ауылдар мен елді мекендерге, көшелерге топонимикалық атаулары қайта оралып, тұтас халықтың рухани игілігіне айналды. Әрі бұл жұмыстар Елбасы-Тұңғыш Президенттің «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен де үндеседі»,– дейді филолог-ғалым З.Құламанова.
Айта кетейік, 2018 жылдың 9 тамызында республикалық ономастикалық комиссияның оң қорытындысы негізінде Жамбыл облыстық филармониясына Кенен Әзірбаевтың, Тараз қалалық мәдениет үйіне Ықылас Дүкенұлының, Тараз қаласындағы №10 мектепке Сағадат Нұрмағанбетовтің есімін беру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы шықты.