Алдағы жылдары бюджет тапшылығы Ұлттық қорға салмақ салуы мүмкін дейді Парламент Мәжілісінің отырысына қатысқан Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов. Соңғы жылдары Ұлттық қордың кірісінен шығысы басым дегенді айтты, деп хабарлайды Tarazy ақпарат.
Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов Қазақстанның Ұлттық қорындағы қаражатты пайдалану тәуекелдеріне тоқталды. Бюджет тапшылығының жоғары болуы шығындарды жабу үшін Ұлттық қордан тікелей трансферттер жасауға үкіметті мәжбүрлеп отыр дейді Т.Сүлейменов.
«Соның салдарынан қордан алынатын қаражат кірістерден асып түсуде. Қордың балансының сақталуы тек инвестициялық табыс есебінен мүмкін болып отыр: 2024 жылдың алғашқы 9 айында қордың инвестициялық кірісі 10,27%-ға жетіп, 6,16 млрд долларды құрады. Бұл көрсеткіш Ұлттық қордың активтерін 4,5%-ға ұлғайтып, 62,7 млрд долларға дейін жеткізді» — деп мәлімдеді Ұлттық банк басшысы.
2024 жылы тікелей трансферттер көлемі 5,6 трлн теңгені құраса, келесі жылға бұл көрсеткіш шамамен 5,3 трлн теңге деңгейінде болжануда. Сүлейменовтің айтуынша, бұл трансферттер көлемі елдің барлық ақша массасының шамамен 16%-ын құрап, қорға үлкен экономикалық салмақ түсіріп отыр. Тамыз айында салықтық түсімдер жоспарланған көрсеткіштен төмен болғаны хабарланып, бюджет тапшылығын жабу үшін Ұлттық қорға тағы да жүктеме артқан болатын.
Сарапшылардың пікірінше, бұл үрдіс жалғаса берсе, қордағы қаражаттың азаю қаупі бар. Соңғы 10 жылда шамамен 100 млрд доллар көлеміндегі қаражат Ұлттық қордан бюджет тапшылығын жабуға, банктерді және ұлттық компанияларды қолдауға жұмсалған. Өткен жылдың соңында сарапшылар Ұлттық қор өзінің бастапқы функциясы – елдің әл-ауқатын қамтамасыз ету міндетін орындай алмай қалуы мүмкін деген алаңдаушылық білдірген.