Биыл 10 қаңтарда әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық мерейтойын атап өту шаралары ресми түрде бастау алды. Елімізде Шығыстың ғұлама ойшылы, математик, астролог, музыка теоретигі, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы аталып өтіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қаулы қабылдап, мерейтойды дайындау және өткізу жөніндегі арнайы мемлекеттік комиссия құрылған болатын. Өз кезегінде мем комиссия мерейтойды атап өтудің республикалық деңгейдегі жоспарын жасап шықты. Онда республикалық және өңірлік деңгейде өтетін 50-ден аса іс-шара көзделген. Бұлардың ішінде халықтық барлық буынын қамтитын арнайы жобалар, ғылыми талдаулар, қоғамдық маңызды және мәдени-бұқаралық іс-шаралар бар.
Жамбыл облысында Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай түрлі шаралар өткізілді. 17 ақпанда ұлы ойшылдың мерейтойына орай ұйымдастырылған «Әл-Фараби – шығыстың ғұлама ғалымы» атты 8-11 сынып оқушылары арасындағы облыстық эссе жазу байқауы өтті. Білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинетінің ұйытқы болуымен өткен байқауға облыс бойынша 24 оқушы қатысып, өзара бәсекеге түсті. Байқау шарты бойынша оқушылар «Екінші ұстаз» атанған ұлы философ Әбу Насыр әл-Фарабидің өмір жолы, еңбектері, даналығы туралы шығарма жазды. Үздік деп танылған 9 оқушы облыстық білім басқармасының I, II, III дәрежелі дипломдарымен марапатталды.
27 ақпанда Тараз қаласындағы Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясында «Әл-Фараби тағылымы» атты облыстық байқау өтті. «Екінші ұстаздың» мерейтойына орай ұйымдастырылған байқауға қалалық және аудандық іріктеу кезеңнен жеңімпаз атанған 70 оқушы қатысып, бақтарын сынады.
Ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығын оқушылар арасында насихаттау мақсатында ұйымдастырылған білім бәйгесі «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда…», «Данышпандықтың інжу маржаны…», «Мен сомдаған Фараби…» атты 3 номинация бойынша өтті. Байқау барысында оқушылар әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығына қатысты интеллектуалдық сұрақтарға жауап беріп, ұлы ойшылдың тіл, әдебиет, музыка, риторика, философия, жаратылыстану салаларындағы еңбектеріне қатысты ғылыми жобалар қорғады.
Одан бөлек қатысушылар ғұламаның өмір жолы мен шығармашылығы туралы сахналық қойылым құрып, әділқазылар алқасы сахна мәдениеті, киім үлгісі, актерлік шеберліктерін бағаланады. Тартысты сайыс нәтижесінде І орынды Т.Рысқұлов ауданының командасы жеңіп алды. Жүлделі ІІ орын Жамбыл және Меркі ауданының командаларына бұйырса, Байзақ, Талас аудандарының командасы жүлделі ІІІ орынды иеленді.
Әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай ұйымдастырылған Ұлы ойшылдың даналық ойлары мен нақыл өсиеттерінен үзінді оқу эстафетасы
6 мамырда облыстық білім басқармасының қолдауымен Жамбыл политехникалық жоғарғы колледжі шығыс ғалымы Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына арналған «Әлем өркениетіндегі Фараби феномені» тақырыбындағы халықаралық онлайн конференция өткізді.
Конференцияның мақсаты – адамзаттың ұлы ұстазы, энциклопедист-ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің рухани, ғылыми мұрасын насихаттау және оның шығармашылық, ғылыми мұрасына халықтың және жұртшылықтың назарын аудару.Ғылыми-практикалық конференция барысында Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылыми трактаттарының негізгі принциптері талқыланып, оның шығармаларын насихаттау сөз болды.
30 қазанда «Әл-Фараби – түркінің ұлы ғұламасы» атты ғылыми семинар өтті. «Әлемнің екінші ұстазы» атанған, күллі түркі жұртының бас ойшылы Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде 2020 жылы атап өтілетіндігі жөнінде алғаш 2019 жылдың наурызында «Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалы жанындағы «Мирас» аймақтық кеңесінде айтылды. Одан кейін мемлекет басшысының арнайы қаулысымен бекітіліп, жер-жерге Әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығын атап өту туралы нақты тапсырмалар берілген.
Аталмыш датаны Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы қызметкерлері де атап өтуді мақсат етіп, ойшыл ғұлама туралы ғалымдардың пікірін тыңдау үшін семинарға М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің оқытушысы, философия ғылымының кандидаты, доцент Жүншеев Расылхан Ерболсынұлы арнайы шақырды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Ұлы даланың Ұлы есімдері» арнайы жобасы аясында өткізілген онлайн іс-шараны мекеменің бөлім меңгерушісі Назым Қожамарова жүргізді. Расылхан Ерболсынұлы философия ғылымы негізіндегі Әл-Фараби туралы зерттеулерге тоқталып, ғұламаның еңбектерін Аристотель, Абай тұжырымдарымен салыстырмалы түрде түсіндірді.
Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындар» атты еңбегіне ғылыми талдау жасап, ондағы саясат ұғымын ғалым «ел басқару өнері» ретінде қарастыруы Аристотельден басты айырмашылықтарының бірі екенін атап көрсетті. Осы сынды дәйектерді келтіре отырып, Әл-Фарабиді Аристотелден кейінгі екінші ұстаз дегеннен гөрі, «Шығыстың Аристотелі» деп атауды ұсынды.
Сонымен қатар Әл-Фараби бабамыздың қазақ екенін дәлелдеп, көп даудың нүктесін қойған азамат, философ ғалым Ақжан Машани екенін де ерекше атады. Қазіргі таңда көп жұмыс науқаншылықпен өтіп, негізгі мазмұны айтылмайтындығына өз көзқарасын білдірді. Осы ретте ғұламаның мерейлі датасын атап өту барысында оның айтқан тұжырымдарына баса назар білдірілсе, жазып қалдырған тұжырымдары өмірде пайдаланылса нұр үстіне нұр болатындығы деген ниетін де жеткізді. Семинар қорытындысы бойынша кез-келген қоғамның деңгейі — адам құнымен, ал адам құны оның білімімен, ізгілік ниетімен, тәлім-тәрбиесімен артатындығы туралы тұжырым жасалды.