Абай университетінде «Мектеп және жоғары оқу орнындағы білім берудегі Алтын Орда тарихы» атты халықаралық ғылыми дөңгелек үстел өтті. Отандық және шетелдік жетекші ғалымдар, тарихшылар мен педагогтар Жошы ұлысының мұрасын заманауи білім жүйесіне интеграциялаудың жаңа тұжырымдамасын талқылап, мектеп оқулықтары мен ЖОО білім беру бағдарламаларын жаңғыртуға бағытталған маңызды қарар қабылдады, деп хабарлайды Tarazy.kz

Ғылыми жиында қабылданған қарардың басты бағыттарының бірі – тарих пәнінің оқытудың жүйесін жаңғырту. Ғалымдар мен мұғалімдер «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» оқулықтарындағы Алтын Орда тарихына қатысты тарауларды түбегейлі қайта қарауды ұсынды. Жаңа тұжырымдамаға сәйкес Ұлық ұлыс тек жаулаушы әскери мемлекет емес, дамыған қала мәдениеті, өркендеген сауда жүйесі, озық дипломатиясы мен бірегей құқықтық институты қалыптасқан ортағасырлық өркениет ошағы ретінде сипатталуы тиіс. Оқу үдерісін заман талабына сай цифрландыру үшін интерактивті карталар, маңызды тарихи нысандардың 3D модельдері мен деректі-танымдық анимациялық материалдарды енгізу де қарастырылды.
Сонымен қатар, жоғары білім беру бағдарламаларының мазмұнын тереңдету мақсатында маңызды қадамдар жасалмақ. Жиында Еуразия кеңістігіндегі тарихи процестерді терең түсіндіру үшін жоғары оқу орындарында «Алтын Орда: мемлекет, қоғам, мәдениет» атты міндетті базалық пән енгізу туралы бастама көтерілді. Оған қоса, тарих бағытында бакалавриат және магистратура деңгейінде Жошы ұлысының тарихнамасы, деректануы мен археологиясына арналған элективті пәндік бағдарлама әзірленеді. Студенттер мен жас зерттеушілердің ортағасырлық жазба дереккөздерімен тікелей жұмыс істеу дағдыларын арттыру үшін ғылыми-практикалық семинарларды тұрақты ұйымдастыру да жоспарланған.
Абай университеті аталған барлық маңызды бастамалардың орындалуын бақылайтын және үйлестіретін негізгі орталық ретінде жұмыс істейді. Дөңгелек үстелде қабылданған қорытынды қарар Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігіне, Оқу-ағарту министрлігіне және Ұлттық білім академиясына қарауға және іс-тәжірибеге енгізуге жолданады.