Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы “Орталық” өңірлік қолбасшылығының 6505 әскери бөлімінде мерзімді қызметін өткеріп жүрген қатардағы жауынгер Аппаз Абдурахман Тұрғынқожаұлы – әскери тәртіп пен шығармашылықты ұштастыра білген ерекше жас. Ол – жүректегі шынайы сезімін өлеңмен өрнектейтін жас ақын, деп хабарлайды Tarazy.kz ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2005 жылғы 15 сәуірде Түркістан облысы, Келес ауданы, Бесқұбыр ауылында дүниеге келген Абдурахманның поэзияға деген құштарлығы мектепте, 7-сыныптан бастап оянды. Сол кезден бастап ол өмір туралы ойларын, сезімдері мен толғанысын жыр жолдары арқылы жеткізіп келеді.
Мектепті аяқтағаннан кейін Сарыағаш медресе-колледжінде «исламтану» мамандығы бойынша білім алып, кейін Мардан Сапарбаев атындағы университетте «Қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығын таңдады. Бұл жолы оның ана тіліне, әдебиетке және сөз өнеріне деген құрметін айқындайды.
Шығармашылықтан бөлек спортқа да жақын болған Абдурахман футбол, бокс және үстел теннисімен айналысқан. Әсіресе үстел теннисінен аудандық деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындарға қол жеткізіп, жақсы көрсеткіштер көрсеткен.
Әскерге ол өз еркімен келді. Әскери өмір жас жауынгерге жат емес, керісінше, жігер мен шабыт сыйлайды. Қазіргі уақытта Аппаз Ұлттық ұлан қатарында абыроймен қызмет атқарып, шығармашылығын да үзбей жалғастыруда.
Ол өз өлеңдерінде Отанға деген сүйіспеншілікті, сарбаздың рухын, адамдық құндылықтарды және әскери тіршіліктің ішкі әлемін шынайы бейнелейді. Әр жолынан отансүйгіштік пен адалдық сезімі байқалады.
Абдурахамнның өз өлеңінен үзінді:
Мен сарбазбын көпке топырақ шашпайтын,
Мен сарбазбын антымды қастерлеп сақтайтын.
Мен сарбазбын адалдыққа сүйеніп,
Арамдыққа ешқашан қадам баспайтын.
Әскерге келу тарихым менің бөлек,
Әскердегі өмірім мүлде бөлек.
Әскердегі қарулас достарымның,
Жүрегімде ойып тұрар орны бөлек.
Мен сарбазбын білімді де білікті,
Мен сарбазбын қорламайтын ант сертті.
Мен сарбазбын Отан үшін жаралған,
Батырлардай жігерлі де жүректі.
Қару мен қаламды қатар ұстаған жас жауынгер — қазіргі Ұлттық ұлан сарбазының рухани бейнесін айшықтайды. Оның шығармашылығы әскери өмірдің тек тәртіп пен жауапкершіліктен ғана тұрмай, сонымен бірге рухани байлық пен сезімге толы екенін дәлелдейді.
