Алматы облысында жолшылар Ұлыстың ұлы күнін ерекше сән-салтанатпен тойлады. «Жол активтері Ұлттық сапа орталығы» РМК Алматы облыстық филиалы ұйымдастырған мерекелік іс-шараға Алматы қалалық, Жетісу, Жамбыл облыстық филиалдары мен Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы мекемесінің қызметкерлері белсене қатысып, берекелі бірліктің үлгісін көрсетті, деп хабарлайды Tarazy.kz
Алатау баурайындағы әсем табиғат аясында өткен думанды тойға жиналған қауымды қазақтың ақжарма дәстүрімен шашу шашып қарсы алып, ақ дастархан жайылып, наурыз көже ұсынылды. Бұл – ырыс пен молшылықтың, татулық пен жаңарудың белгісі.
Күн мен түн теңесіп, табиғат түлейтін қасиетті шақта ұлттық рухты дәріптеген ойындар да кеңінен көрініс тапты. Жігіттер жағы күш сынасып, қой көтеріп, арқан тартысты. Ал қыз-келіншектер әсем би билеп, мың бұралып, өнердің көркін қыздырды. Сонымен қатар, садақ атып мергендіктерін көрсетті. Күмбірлеген оркестр үнімен шырқалған әндер мерекенің шырайын аша түсті.
