Астанада ерекше балаларға қатысты даулы видеодан кейін блогер ұсталды, деп хабарлайды Tarazy.kz
Әлеуметтік желіде блогер ерекше күтімді қажет ететін балалардың ата-аналарына қатысты әдепсіз сөздер айтқан видео тараған, ал полиция әкімшілік іс қозғады.
«Видео авторы ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Ұсақ бұзақылық дерегі бойынша жиналған материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жіберіледі», — деді полиция.
Астана Полиция департаменті желіде адамның жеке басына қатысты балағат, қорлау сипатындағы сөздер айтып, тарату қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеліп соғатынын ескертті.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Гүлнәр Оразалина атты блогер даулы мәлімдеме жасады. Ол ерекше балалардың өмірге келу себебі аналары жүргіш болғандықтан екенін айтты.
«Жүргіштердің жазасын алатын кезі келді. Осыған дейін де олар жайлы деректерді естіген едім. Қазір ерекше балалар мен аутизм көбейіп кетті. Әлемде екінші бала ауру болып туады. Оның барлығы сол «жүргіштіктің» кесірінен», — дейді блогер.
Бұл мәлімдемеден кейін ерекше балалардың аналары өре түрегелді. Танымал әншілер де блогердің сөзін сынады. Ал блогер Перизат Көшкімбаева бірқатар анамен бірігіп, ұжымдық арыз жазатынын айтты.
«Біз ерекше аналардың атынан арыз үлгісін жасадық. Тағы бір заңгер ана бізге көмектесті. Қазақстан бойынша кез келген ана арыздана алады. Біз Гүлнәр деген блогерді жазаға тартуымыз керек. Себебі ерекше балаларды ешкім ренжітпеуі керек. Біз осы қадам арқылы болашақта біздің балаларымызды ешкім ренжіте алмайтын орта құрғымыз келеді», — деді блогер.
