2026 жылғы 21 қаңтарда Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында «Франция ұлттық кітапханасындағы парсы тіліндегі қолжазбалар: тарихы, коллекционерлер және каталогтардың ерекшеліктері» тақырыбында Қазақстан қолжазбатанушылар қауымдастығының V отырысы өтті, деп хабарлайды Tarazy.kz
Іс-шараның басты мақсаты – рухани мұра мен жазба мәдениетін зерттеу, сақтау және кеңінен насихаттау бағытындағы ғылыми ынтымақтастықты нығайту. Отырыс барысында Қазақстан қолжазбатанушылар қауымдастығының 2026 жылға арналған жұмыс жоспары талқыланып, Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының қорына құнды әрі сирек мұралар табысталды.

Жиын барысында Ғылым ордасының бас директоры Ұлар Мұқажанов пен Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиева екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат ғылым мен мәдениет саласындағы ұзақмерзімді әріптестікті дамытуға бағытталған маңызды қадам болды.
Меморандум аясында тараптар ғылыми мұра, академиялық басылымдар, қолжазбалар мен сирек кітаптарды сақтау және насихаттау мақсатында бірлескен көрмелер ұйымдастыруға, Ғылым ордасы құрамындағы Орталық ғылыми кітапхана, Ғылыми архив пен музейлер және Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы арасында бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізуге, пәнаралық ғылыми жобалар әзірлеуге келісті. Сондай-ақ қолжазбалар мен архивтік материалдарды ғылыми сипаттау, каталогтау, ғалымдардың жеке қорларын анықтау, жинақтау және оларды ғылыми айналымға енгізу бағытында ортақ жұмыстар атқару көзделеді.

Бұдан бөлек, сирек қорлар мен ғылыми мұраларды цифрландыру, бірлескен электронды дерекқорлар мен цифрлық платформалар қалыптастыру, қызметкерлердің біліктілігін арттыруға арналған іс-шаралар өткізу, құжаттарды сақтау, реставрациялау және консервациялау тәжірибесімен алмасу жоспарланған. Меморандум аясында ортақ ғылыми жинақтар, каталогтар, дерекнамалық басылымдар шығару, Қазақстан ғылымы мен мәдениетінің тарихына арналған көптомдық жобаларды әзірлеу және жүзеге асыру, сондай-ақ кітапхана қорларын реставрациялау мен консервациялау саласындағы ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты дамыту және бірлескен ғылыми-мәдени іс-шаралар ұйымдастыру қарастырылған.
Қазақстан қолжазбатанушылар қауымдастығының V отырысы рухани мұраны зерттеу мен сақтауға арналған маңызды алаңға айналды. Ғылым ордасы мен Ұлттық кітапхана арасында қол қойылған меморандум ғылыми ынтымақтастықты дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашты.
