Азаматтық белсенді Абзал Достияр Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың жұмыстарын мақтап, олардың халықпен кері байланыс орнатудағы тәжірибесін өзгелерге үлгі етті, деп хабарлайды Tarazy.kz
“Әкімдердің ішінде “үздігі кім?” деп рейтинг жасап жатады. Өз басым Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың жұмысына көңілім толатынын жасырмаймын”, — деп жазды ол.
Ол Нәлібаевқа қатысты қоғамда әртүрлі сын-пікір айтылатынын жоққа шығармайтынын, алайда бұл жолы оның саяси менеджменті мен коммуникациялық стратегиясын ғана сөз етіп отырғанын жеткізді.
“Оның белгілі бір ықпалды топтармен байланысы бар екені, өңірдегі ресурстар мен активтерге ықпалы туралы сын-пікірлер кездеседі. Егер “Қаңтар оқиғасынан” кейін шынайы саяси және экономикалық трансформация жүріп, элиталық активтерді ревизиялау толық іске асқанда, бұл әулеттің де капиталы мемлекет меншігіне қайтарылар ма еді — бұл бөлек тақырып.
Алайда мен бұл жерде оның саяси менеджменті мен коммуникациялық стратегиясы туралы айтып отырмын”, — дейді белсенді.
Оның пікірінше, Сыр өңірі тұрғындарының облыс әкіміне деген оң көзқарасы байқалады. Ол мұны жергілікті деңгейдегі легитимділіктің бір көрінісі деп бағалайды.
Сондай-ақ ол Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың халықты таң атқанға дейін қабылдап, талап-тілегін тыңдап жүргенін саяси коммуникация тұрғысынан дұрыс қадам деп есептейді.
“Хайп па, имидждік саясат па — бәрібір, ең бастысы әрекет бар. Ал әрекет — басқарудың маңызды элементі”, — деп қосты Достияр.
Белсенді оппозиционер осы ретте орталық билік деңгейінде, соның ішінде Ақорда тарапынан ашық диалог форматы жүйелі түрде қалыптаспай отырғанын сынға алды.
“Ал енді сұрақ: неге орталық билік, нақты айтқанда Ақорда, осындай ашық диалог форматын жүйелі түрде қалыптастыра алмайды?Неге азаматтық қоғам институттарымен шынайы диалог алаңы құрылмайды? Неге қоғамдық консенсус іздеудің орнына қорқыту риторикасы басым?”, — дейді ол.
Достияр елдегі күрделі жағдай мен геосаяси тәуекелдер жағдайында билік халық қолдауын қысым арқылы емес, сенім арқылы іздеуі керек екенін айтты. Ол сенім ашықтық негізінде қалыптасатынын атап өтті.
“Әсіресе тарихи протестік әлеуеті бар Алматы қаласындағы азаматтық қоғаммен институционалды әріптестік орнату қажет.
Жағымпаздардың фильтрінен өткен ақпаратқа ғана сүйенбей, grassroots деңгейдегі белсенділердің, сарапшылардың, тәуелсіз пікір иелерінің ұсыныстарын тыңдау — саяси модернизацияның алғышарты.
Қай салада қандай проблема бар?
Қандай реформалар қажет?
Қандай регуляторлық өзгерістер керек?
Осыларды ашық талқылау керек.
Халықты қысып ұстап отырып, сол халықтан қолдау күту — саяси парадокс.
Қоғамдық қолдау — әкімшілік ресурс арқылы емес, сенім капиталы арқылы қалыптасады”, — деді ол.
