Павлодар соты Еңбек мобильдігі орталығының директоры Меруерт Есембаеваны кінәлі деп таныды. Ол 2026 жылғы 22 ақпанға қараған түні қызметтік Chery Tiggo 7 Pro көлігімен жүріп келе жатып, полицияның тоқтау туралы талабына бағынбаған, деп хабарлайды Tarazy.kz Nege.kz-ке сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлері оны қуып жетіп тоқтатқан. Алайда әйел алкогольдік мас күйін тексеру процедурасынан өтпеген.
Меруерт Есембаева – Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Есембаевтың жұбайы.
Тексеру барысында оның мемлекеттік мекемеде жұмыс істейтіні және ресми түрде декреттік демалыста болғаны анықталған. Соған қарамастан ол қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдаланған.
Сотта Есембаева мен оның қорғаушылары айыпты жоққа шығаруға тырысқан. Олардың айтуынша, әйелдің денсаулығы нашарлап, алкотестерге үрлей алмаған.
Алайда полицейлердің бейнежетондарынан және медициналық тексеру орталығындағы камералардан алынған жазбалар бұл уәжді растамаған. Бейнежазбаларда айыпталушы дәрігердің қолын итеріп, дөрекі сөйлеп, наркологқа «өзіңіз үрлеп көріңіз» деп ұсыныс жасағаны көрінеді.
Сонымен қатар, ол бірнеше рет түсініктемесін өзгерткен: әуелі оң жақ бүйірі ауыратынын айтса, кейін сол жағы ауырғанын айтып, куәгерлерді шақыруды талап еткен. Сондай-ақ үйінде балалар күтіп отырғанын алға тартқан.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, көліктің ішінде тәртіпсіздік болған, ашық сыра банкісі мен чечил ірімшігі табылған.
Кейін Есембаева жедел жәрдем шақырып, дәрігердің кабинетінен тікелей ауруханаға кетіп қалған. Осылайша ол медициналық тексеруден өтпеген.
Алайда сот бейнежазбаларды зерттей келе, айыпталушы тексеруден жалтару үшін өзін жайсыз сезінгендей кейіп танытқан деген қорытындыға келген.
Сот Меруерт Есембаеваны әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оны 8 жылға көлік жүргізу құқығынан айырды. Оның төрт кәмелетке толмаған баласы бар екенін ескеріп, қамауға алу жазасы қолданылмаған.
Сонымен қатар судья А. С. Адамжанова Павлодар облысының әкіміне жеке қаулы шығарды. Өңір басшылығына бір ай ішінде декреттік демалыстағы қызметкердің қолына мемлекеттік мекеменің көлігі қалай берілгенін анықтап, жауаптыларды жауапқа тарту тапсырылды.
