Қызылорда – Ақтөбе бағытындағы жолды төрт жолаққа кеңейту жобасының бірінші кезеңі басталды, деп хабарлайды Tarazy.kz
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев, облыстық мәслихат депутаттарының қатысуымен Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық автодәлізінің Қызылорда – Ақтөбе бағытын төрт жолақты етіп кеңейту жобасының бірінші кезеңінің басталу рәсімі өтті.
«Үкіметтің ерекше қолдауымен 2022-2025 жылдары аймағымыздағы 1 600 шақырым тасжол мен көшелерді, 30 көпір өткелін салуға, күрделі жөндеуден өткізуге 150 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Нәтижесінде жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызға жетті. Биыл да жол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 56 жобаға бюджеттен 37 млрд. 845 млн. теңге қаралған. Бұл қаржыға 136 шақырым жол мен көпір өткелдері жөндеуден өтеді», — деді өңір әкімі.
Мемлекет басшысы 2023 жылғы 10 қазанда Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келгенде Қызылорда қаласынан Ақтөбеге дейінгі тасжолды төрт жолақтыға ауыстырудың жобалау жұмыстарын жедел бастауды тапсырған болатын. Жоба 2 кезеңнен тұрады:
- Бірінші кезеңі – 26 шақырымдық Қызылорда қаласының айналма жолын салу.
- Екінші кезеңі – Қызылорда қаласынан бастап Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандарының сыртымен айналып өтіп, Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізіне қосылатын 462 шақырым жол салу.
