Tengrinews.kz порталына берген эксклюзив сұхбатында Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Олимпиада ойындарына дайындық қалай қаржыландырылғанын, толыққанды жағдай қашан жасалғанын айтты, сонымен қатар, табысы туралы жарияланған ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Tarazy.kz
Спортшының айтуынша, дайындықтағы елеулі өзгерістер тек Олимпиада маусымында басталған. Бұған дейін ол жалақыны көтеру, бапкерлерге еңбекақыны арттыру және мамандарды штатқа алу мәселесін бірнеше рет көтерген.
«Төрт құрлық чемпионатынан кейін дирекцияға барып, жалақымды көтеруді сұрадым. Ұзақ уақыт бойы өтініш білдіріп жүрдім. Қаражат мамандардың қызметін төлеуге, бағдарламалар мен костюмдер алуға жетпейтін», — деді ол.
Оның сөзінше, қаржы — спортшы үшін тек дамуға арналған құрал, ал толыққанды жағдай тек Олимпиада маусымында жасалған. Спортшы мен оның бапкерлеріне лайықты жалақы тағайындалып, «Халық Аренада» мұз айдыны берілген. Сонымен қатар, алғаш рет бағдарламасы мен костюмдерінің шығыны өтеліп, дәрігер қызметі қамтамасыз етілген.
Дегенмен Михаил Шайдоров елдегі мәнерлеп сырғанауға дайындық жүйесі әлі де жетілдіруді қажет ететінін айтты. Оның сөзінше, кейде жаттығу кезінде аренада техникалық жұмыстар жүргізіліп, бөгде адамдар мұз айдынына кіріп кеткен жағдайлар болған.
Сондай-ақ, ол жалақысы туралы ақпарат жария болуын орынсыз деп бағалады. «Бұл маған спортшы әрі адам ретінде құрметсіздік сияқты көрінді», — деді чемпион.
Ол алған барлық қаражатты тек дайындыққа жұмсағанын атап өтті. Сонымен қатар, шығынның едәуір бөлігін 15 жыл бойы ата-анасы мен демеушілер көтергенін айтты.
