Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетіне Италия Республикасының Қазақстандағы Миссия басшысының орынбасары Аниелло Петито бастаған италиялық делегация келді. Дипломатиялық корпус өкілдерін, халықаралық ұйымдарды, шетелдік жоғары оқу орындарын және қазақстандық академиялық қауымдастықты бір арнаға тоғыстырған «Италия асханасы апталығы» мәдени шарасы өтті. Шараға Марке политехникалық университеті, Камерино университеті (Италия) және Шаньдун ауыл шаруашылық университетінің (Қытай) ғалымдары да қатысты.
Мәдени басқосуда университет ректоры Ермек Бөрібаев құттықтау сөз сөйлеп, Италиямен мәдени және білім беру байланыстарын нығайтудың маңыздылығын атап өтті. БҰҰ Тұрақты даму қорының президенті Маурицио Ароника «Дәстүрден инновацияға: италиялық және қазақстандық тағам мәдениеттерін байланыстыратын тұрақтылық» атты баяндама оқып, тұрақты азық-түлік жүйелерін дамытудағы екіжақты ынтымақтастықтың әлеуетіне тоқталды.
Ресми бағдарлама аясында Жетісу университеті мен БҰҰ Тұрақты даму қоры арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Италия Республикасының Миссия басшысының орынбасары Аниелло Петито мәдениет пен білім саласындағы ынтымақтастыққа қолдау білдірді.
Шетелдік қонақтар мен қатысушылар тұрақты ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы өзекті тақырыптарға арналған дәріс тыңдады. Джанлука Брунетти — «Азық-түлік қауіпсіздігі және өнім сапасы», Симоне Пианкателли — «Жинаудан кейінгі ауруларды басқарудың тұрақты шешімдері», Қанат Ермекбаев — «Геномдық, молекулалық және жеделдетілген селекция әдістері арқылы Орта Азия бидайын жетілдіру» тақырыптарында мазмұнды дәрістер оқыды.
Мәдени жиын барысында «Aldo Moro» орталығының оқытушылары мен студенттері италиялық ұлттық тағамдарды дайындау бойынша аспаздық мастер-класс өткізді. Қатысушылар дәстүрлі италиялық рецептермен, тағам дайындау технологиясы және Италияның гастрономиялық мәдениетімен жақынырақ танысты.
