Жол шаруашылығындағы құрылыс маусымы қарсаңында Жол активтері сапасының ұлттық орталығының (ЖАҰСО) Алматы қалалық филиалында студенттермен танымдық кездесу өтті. Іс-шараға Л.Б. Гончаров атындағы Автомобиль-жол институтының «Автомобиль жолдары және аэродромдар құрылысы» білім беру бағдарламасы бойынша білім алып жатқан 2–3 курс студенттері қатысты, деп хабарлайды Tarazy.kz
Кездесу барысында студенттерге жол сапасын тексеруге арналған жылжымалы жол зертханасының мүмкіндіктері таныстырылып, тексеріс кезінде қолданылатын заманауи құрал-жабдықтар көрсетілді. Мамандар жол құрылысы кезінде атқарылған жұмыстардың сапасын тексеру тәртібі мен оның жүргізілу талаптарын жан-жақты түсіндірді.
Сондай-ақ тексеру нәтижелерінің құпия сақталатыны, адам факторын барынша азайту мақсатында бақылау үдерістерінің басым бөлігі жаңа технологиялар арқылы жүзеге асырылатыны айтылды. Жол құрылысы кезінде алынатын барлық сынамалар арнайы QR-кодтармен белгіленіп, олардың алынған уақыты мен нақты орны электронды түрде тіркелетіні туралы да ақпарат берілді.
Дәріс барысында автомобиль жолдарының ел экономикасы мен әлеуметтік дамудағы маңызы кеңінен сөз болып, Қазақстан аумағы арқылы өтетін халықаралық көлік дәліздерінің стратегиялық рөліне тоқталды. Сонымен қатар жол саласындағы нормативтік құжаттардың жаңартылып, талаптардың күшейтілуі жол сапасын арттыруға ықпал ететіні атап өтілді.
Кездесу барысында ЖАҰСО мекемесінің негізгі қызметі мен жол сапасын бақылаудағы рөлі де түсіндірілді. Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан жан-жақты жауап алды.
Болашақ мамандар мұндай кездесулердің тәжірибелік тұрғыдан пайдалы екенін айтып, осындай іс-шараларды жиі ұйымдастыруға ниет білдірді.
