Тараздықтар #TazaQazaqstan экологиялық акциясын қолдады

0

Жамбылдықтар  жалпы республикалық сипат алған #Birge #TazaQazaqstan  экологиялық акциясынан шет қалмады, – деп хабарлайды Tarazy.kz.

Бір жұма бұрын Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің бастамасынан бастау алған акцияның негізгі мақсаты су айдындарын күл қоқыстан тазарту болып табылады. Аталмыш акция жарияланған алғашқы күні ҚР премьер-министрі Асқар Мамин бастаған Үкімет мүшелері мен елорда тұрғындары Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы Қоянды су қоймасының аумағын тазартқан болатын. Міне, бүгін жамбылдықтар да экосенбіліктен қалыс қалмай өңірдегі барлық жаға-жайларда тазалық жұмыстарына кірісті.

Сенбілік облыс орталығы Тараз қаласының аумағындағы «Қарасу – 1», «Қарасу – 2», «Түйте», «Төрегелді», «Базарбай», «Үшбұлақ», «Сеңкібай», «Оңтүстік құрғату дренажды» каналдары, «Тайвань» дренажды каналардың бойы, «Талас» өзені және «Ақбұлақ», «Қаратау» мөлтек аудандарындағы каналдардың жаға-жайларында, сонымен бірге, облыс аудандарында жүргізілді. Шараға облыс әкімінің міндетін атқарушы Нұржан Календеров бастаған облыс әкімі аппаратының және барлық мемлекеттік мекемелердің, өнеркәсіп орындарының қызметкерлері мен түрлі сала мамандары бір кісідей аталған шараға қатысты.

Жалпы республикалық сенбілікте пікір білдірген Нұржан Сәбитұлы: «Бұл шара атауына сәйкес елді бірігіп еңбек етуге, айналаны таза ұстауға үндейді. «Бірлік түбі – береке» дейді халық даналығы. Бүгінде баршамыз бір кісідей осы каналдар мен өзендердің маңайын тазартуға жұмылып отырмыз. Бұған қала тұрғындары да өз белсенділіктерін танытуда. Бұл бастама тек қала аумағында және облыстың барлық 10 ауданында жүзеге асып жатыр. Ауылдық елді-мекендердегі  өзендер мен каналдардың, тіпті қамыс басқан арық-атыздардың да аумақтары тазалануда» – деп, экологиялық акцияның маңыздылығын атап өтіп, облыс тұрғындарын жағажайлар мен су айдындарының аумағын таза ұстауға шақырды.

Атап өту керек, Тараз қаласы бойынша жүргізілген сенбілікке 4535 адам қатысып, 47 дана техника жұмылдырылды. Жалпы қала аумағында 61,8  шақырым каналдардың бойы тазартылып, 258 тонна күл-қоқыс шығарылды.

Естеріңізге сала кетейік, 20 шілде күні ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен Нұр-Сұлтан қаласында қоқыс жинауға арналған экологиялық акция өтті.

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.