Үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешілді

0

Жамбыл облысында апатты жағдайдағы – 1, үш ауысымды – 1 және орын тапшылығы бар – 3 мектептің құрылысы аяқталып, биыл 1 қыркүйегінде пайдалануға беріледі. Осылайша биылғы жылы облыста үш ауысымды мектептер мәселесі толығымен шешілді. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмилә Бекбатырова мәлімдеді.

«Ағымдағы жылы облыс бойынша 12 білім нысанының құрылысын жүргізуге қаржы бөлінді. 5 мектеп жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. Олар Жамбыл ауданындағы Бірлесу еңбектегі, Меркінің Қазақ дихан ауылындағы, Шу қаласының Тоғай массивіндегі орын тапшылығы бар мектебі, Байзақ ауданындағы үш ауысымды Ақшолақ мектебі және Жалпақсаздағы апатты мектеп», – деді басқарма басшысының орынбасары.

Күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететін және орын тапшылығы бар мектептер мәселесі 2019-2021 жылдары кезең-кезеңімен шешіледі деп жоспарлануда.

Сондай-ақ, облыстағы 446 мектептің 429-ы (96,2 пайыз), 395 балабақшаның 100% бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы Жәмилә Бекбатырова мәлімдеді.

Облыс бойынша бейнебақылау камералары орнатылған 429 мектепте 5007 дана камера бар. Олардың 33% мектеп сыртында, 67% ішінде орналасқан. Ал, бейнебақылау камералары орнатылған 395 балабақшада 2848 дана камера бар. Олардың 29,8 пайыз сыртында, 70,2 пайыз ішінде орналасқан.

Сонымен қатар, Жамбыл облысында мектепке дейінгі білім беретін ұйымдардың саны 545-ке жетті. Бүгінде мектепке дейінгі білім мекемелерінде 55207 бала тәрбиеленуде. Мектепке дейінгі тәрбиемен 1-6 жас аралығында қамтылғандар үлесі 84 пайызға, 3-6 жас аралығында 98 пайызға артты.

Мектепке дейінгі білім мекемелерінің желісін кеңейтудің бір жолы – жекеменшік әріптестікті тарту. Осы мақсатында ағымдағы жылы өңірде 2194 орындық 15 мектепке дейінгі ұйым ашылды. Бүгінде облыста 171 жекеменшік балабақша қызмет етеді. Онда 14984 бала тәрбиеленуде.

Мектепке дейінгі ұйымдарға балалар 1 жастан 6 жас, ал мектепалды даярлық топтарына 5 жастан 6 жас аралығында қабылданады.  Мектепке дейінгі ұйымдарда мектеп жасына жеткен балаларды мектепке дейінгі ұйымнан босату 1 тамызға дейін, ал балаларды жас ерекшеліктеріне сәйкес топтан-топқа ауыстыру 1-31 тамыз аралығында жүзеге асырылады. Мектепке дейінгі ұйымдарға балалар бос орын болған жағдайда жыл бойы қабылданады.

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.